31 жыл “жоқ” болған азамат: Көпбалалы әке қайта туғандай болды

Түркістан облысында 31 жыл құжатсыз жүрген ер адам сотта өзінің бар екенін дәлелдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркістан облысының Бөген ауылында 31 жастағы Әлібек К. (кейіпкерлердің есімі өзгертілген - авт.) өмір бойы адамның басты құжаты — туу туралы куәлігінсіз өмір сүрген.

Оны ата-анасы рәсімдемеген. Сондықтан ол осы жылдар бойы тек “ауызша” ғана өмір сүрді. Қолында мектеп аттестаты болғанымен, оның мүлде дүниеге келгенін растайтын заңды құжаты болмады.

Бұл оқиға 1994 жылы басталған. Сол кезде Әлібектің анасы басқа ер адаммен некеде тұрған. Ал жаңа азаматтық некедегі күйеуінен туған баланы ресми тіркеу мүмкін болмаған. Осылайша, бюрократиялық және жеке себептерге байланысты Әлібек туу туралы куәлігінсіз қалды.

Уақыт өте келе ол құжатсыз мектеп бітіріп, үйленіп, төрт баланың әкесі атанды. Бірақ әр жолы өзінің жеке басын растау немесе құжат рәсімдеу қажет болғанда, туу туралы куәліктің жоқтығы үлкен кедергіге айналды.

Биыл Әлібек Ордабасы аудандық сотына жүгінген.

Туу туралы куәлік алу үшін ол дәлелдерді әр жерден жинаған. Көршілердің куәлігі, мұрағаттық анықтамалар, ата-анасымен 99,999% ықтималдықпен туыстығын растаған ДНҚ сараптамасы.

Сот барлық жиналған құжаттар мен дәлелдерді қарастыра келе Әлібектің 1994 жылдың 8 ақпанында Түркістан облысы Бөген ауылында туғанын және оның ата-анасын құжатқа ресми түрде жазу туралы шешім шығарды, — деп жазылған сот хабарламасында.

Енді уәкілетті орган оның деректерін мемлекеттік базаға енгізуі тиіс.

Шешім күшіне енді. 

31 жылдан кейін Әлібек ақыры өз елінің толыққанды азаматы атанды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы