31 мыңнан астам адам вирустық гепатит есебінде тұр – ДСМ
Елімізде 31 мыңнан астам адам вирустық гепатитпен диспансерлік есепте тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ДСМ бас штаттан тыс гепатолог-гастроэнтеролог дәрігері Күлпәш Қалиасқарова мәлімдеді. Айтуынша, Қазақстан Орта Азия елдері арасында С вирустық гепатитімен күрес бойынша көш бастап тұр.
Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам адам С вирустық гепатитін анықтауға серологиялық тестілеуден өткен. Ал 31 642 адам диспансерлік есепте тұрса, 700 адамнан алғаш рет дерт анықталған.
2026 жылға дейін Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау саласын дамыту тұжырымдамасында 2022 жылғы 24 қарашадағы Үкімет қаулысымен С гепатитін тоталді скринингтік диагностикалау енгізілген. Гепатит бауырды ғана емес, бүкіл организмді зақымдайды. Адам өміріндегі ең маңызды ағзаның бірі – бауырды вирустық гепатиттен сақтаудың маңыздылығын атап өткіміз келеді. Гепатиттен орын алатын өлім жағдайларының алдын алуға болар еді, - деді бас штаттан тыс гепатолог-гастроэнтеролог.
Сонымен қатар дәрігер қауіпті дерттен сақтанудың жолын атады.
Қауіпсіз вакциналар мен В гепатитін емдеудіңң тиімді әдістері бар. Сонымен қатар С гепатитін толықтай емдеп шығаратын препараттар да ойлап шығарылды. Сондықтан өздеріңіз бен жақындарыңызды толықтай қорғай аласыздар. Вирусты түрлі жолмен жұқтырып алу қаупі бар. А және Е гепатитінің вирустары тікелей ластанған су, тағам мен лас қол арқылы жұғады. В, С және Д гепатитінің вирустары қан арқылы, сондай-ақ босану кезінде анасынан баласына және қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде беріледі. Егер талап ережелері бұзылса, қан құю кезінде де инфекция жұқтыру қапі жоғары, - деп түсіндірді Күлпәш Сағындыққызы.
Еске сала кетейік, бүгін, 28 шілде – әлем бойынша Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні. Ол «Өмір біреу – бауыр біреу» атты ұранмен аталып өтіледі.