Жыл соңына дейін 3000 өкпені жасанды желдету аппараты өндіріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл соңына дейін отандық өндірушілер шамамен 5 мың стационарлық және 2,5 мыңнан астам өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратын шығарады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтты.
Біз Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерімен бірлесіп өкпені жасанды желдету аппараттарын өндіруді жалғастырып жатырмыз. Қазіргі кезде 3000 аппарат қажет. Елордадағы “Барк Текнолоджи” ЖШС және "Қазақстан Аселсан инжиниринг" ЖШС кәсіпорындары айына 550 бірліктен жасайтын болады. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда Орал мен Шымкент қалаларындағы компаниялар тартылады. Алғашқы 50 құрылғы осы айда жеткізілетін болады, - деді Ержанов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қытай мен Түркиядан сынақ үшін аппараттар жеткізілген.
Біріншісі Денсаулық сақтау министрлігіне берілді, екіншісі бүгін тапсырылады. Сынақтар сәтті аяқталған жағдайда кәсіпорындар оларды өндіруге дереу кіріседі. Технологиялар мен жинақтауыштарды беру мәселесі бойынша шетелдік серіктестермен тиісті келісімдер бар, - деді вице-министр.
Шілде айының соңына дейін "Тыныс" АҚ Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге ӨЖЖ 270 мобильдік аппаратын жеткізеді. Кәсіпорын қуаттылығы айына 500-ге дейін ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осылайша, қазақстандық кәсіпорындар қосымша қажеттіліктерді ескере отырып, жыл соңына дейін 4930 стационарлық және 2695 ӨЖЖ ұтқыр аппаратын шығара алады.