30 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген ресейлік ШҚО-да ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы 25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында “Іздеу” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.
Аталған жедел алдын алу шарасын жүргізу барысында Семей қаласындағы криминалдық полиция қызметкерлері 30 жылға жуық Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарынан жасырынып келген сол елдің азаматын ұстады. Іздеуде болған азамат 1992 жылдың ақпанынан бастап адам өліміне әкеп соққан дене жарақатын салумен байланысты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған.
Тәртіп сақшыларына келіп түскен жедел ақпараттың нәтижесінде, жылдар бойы жасырынып келген адамды анықтаған. Ол қаншама жылдар бойы бірге тұрған әйелге өзін жалған атпен таныстырып, шынайы деректерін жасырып келген.
Қазіргі уақытта аталған қылмыстық қылмыскерді Ресей Федерациясына экстрадициялау туралы мәселе шешілуде - деді ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.