30 жылда Қарағанды облысында 61 мектеп, 22 балабақша салынды
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыста 187 шара өткізу жоспарланған. Жоспарға сәйкес шаралар легі жыл басынан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Тәуелсіздік мерейтойының қалай аталып өтетіндігі жайлы облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Ерлан Құсайын баяндады.
Егемендіктің отыз жылдығы мерейтойы қарсаңында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларға басымдық берілуде. Облыста білім беру, спорт нысандары ашылып, шағын және орта бизнестің дамуына қолдау білдірілуде. Аймақтағы ауылшаруашалық саласы қарқындап, заманауи өнеркәсіп орындары ашылды.
Биылғы жылдың қоғамдық маңызы бар басты оқиғасы, мерекесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы екендігі сөзсіз. Тәуелсіздік бұл – кеудеңді керіп, аса бір мақтанып айтатын қасиетті ұғым. Тәуелсіздік дегенде әрбір азаматтың, әрбір адамның кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығын алғанымызға биыл отыз жыл толып отыр. Әрине тарихи өлшеммен қарағанда отыз жыл деген қас-қағым ғана сәт. Дегенмен осынау қысқа мерзімде еліміз ғасырларға пара-пар жолды жүріп өтті деуге болады. Ұлан-ғайыр істер атқарылды, әлемге танылдық, тереземіз теңесті, шекарамыз шегенделді. Әлем егемен елімізді «бейбітшілік бесігі» деп таниды. Бұл жетістіктердің арғы жағында дұрыс жүргізілген саясаттың, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың, сондай-ақ әрбір ел азаматының қосқан үлесі бар деп есептейміз, - дейді Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.
Басқарма басшысы мерейлі жылда қандай ауқымды істер атқарылатындығын, сонымен қатар отыз жылда қандай жетістікке жеткендігімізге тоқталды.
Отыз жылда ішкі жалпы өнім бір адамға шаққанда алты есеге өсті. Бүгінгі таңда біздің облыста шығарылатын өнімдер 49 елге экспортталады. Инвестиция тарту бағытында да ауқымды істер атқарылуда. Ол үшін «Сарыарқа экономикалық аймағы» құрылған. Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында Саран қаласы аумағында тағы бір индустриялық аймақ пайда болды. Мұнда автобус шығаратын зауыт және арнайы техника жасайтын өнідіріс орындары салынды. Сонымен қатар сәуір айында автокөлік шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Зауыт жылына 3,5 млн жеңіл және жүк автокөліктерінің шиналарын шығаратын болады, - дейді басқарма басшысы.
Тәуелсіздік жылдары Қарағанды облысында дамыған жаңа технологияларды пайдаланатын көптеген бірегей өндіріс орны ашылды. Бұған мысал ретінде «Qaz Carbon» компаниясының инвестициялық жобасы – көмір байыту фабрикасын, Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясын айтуға болады.
Кез келген елдің экономикасында шағын және орта бизнес маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда біздің облыстың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласымен байланысты. Көпшілік Қарағандыны индустриялдық, өнеркәсіптік аймақ ретінде қарастырады. Алайда облыста ауылшаруашылық саласында да жетістіктер жеткілікті. Мемлекеттің жан-жақты қолдауы арқасында аймақта ірі ауылшаруашылық кәсіпорындары құрылды. Мысалы, «Шанс» шаруақожалығы базасында мемлекет қолдауымен 400 бас ірі қараға арналған сүт тауарларының фермасы салынып жатыр. Ферма жылына 3 000 тоннадан астам сүт шығарады деп жоспарлануда. Аталған шаруақожалық базасында жем-шөп дайындайтын арнайы зауыт бар, - дейді Е.Құсайын.
Отыз жылда аймақтың қалалары мен аудандарының келбеті өзгерді, заманауи жаңа нысандар, жайлы тұрғын үйлер пайда болды. Тәуелсіздік жылдары облыста 61 мектеп, 22 балабақша және 2 колледж салынды.
Отыз жылдық қарсаңында өңір тұрғындарына 3 мыңнан астам пәтер кілті табысталады деп күтілуде. 7 дене шынықтыру-сауықтыру орталығы, 4 мектеп, 2 балабақша пайдаланылуға берілмек. Биыл облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай жабдықталған үстел теннисі орталығы ашылды. Сонымен қатар ұлттық спортты дамыту мақсатында Оңтүстік-шығыс шағын ауданында жаңа ипподром салынады. Елбасының тікелей тапсырмасы аясында аталған ауданда «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» салынып жатыр. Орталық қыркүйек айында ашылады деп жоспарлануда. Аймақтық транзитті-транспорттық әлеуетін дамыту мақсатында еліміздегі ең үлкен көтерме-сауда орталығы «Global City» салынды. Орталық 60 мың гектарда орналасқан, мұнда 13 мың тоннаға дейінгі өнімді сақтауға арналған қоймалар, 160 фураға арналған кросс-доктар бар, - деп атап өтті Ерлан Құсайын.
Оның айтуынша, Қарағанды облысында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған барлық іс-шара ҚР Президенті Әкімшілігінің ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылады. Пандемияға баланысты Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерекесінде адам көп жиналатын, салтанатты шаралар ұйымдастырылмайды.
Біздің мақсатымыз ел Тәуелсіздігінің мерейтойын тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі істермен атап өту. 30 жылдыққа орай облыста 187 шара өтеді деп жоспарланған болатын. Оның ішінде халықаралық деңгейде 5, республикалық деңгейде 6 шара ұйымдастырылса, 13 шара облыстық және 163 шара қалалық және аудандық деңгейде өтеді деп жоспарланған. Облыстық «Ордалы 30 іс» атты арнайы жоспары құрылған. Бүгінгі күнде осы жоспарға сәйкес жүйелі түрде шаралар атқарылуда. Негізгі мақсат – қоғам үшін оқиғалардың мәнділігі мен тиімділігіне баса назар аудару, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобаларға басымдық беру болып табылады, - деді Е.Құсайын.