30 жыл ішінде қоғамда Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениеті қалыптасты – Абаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы жөніндегі республикалық комиссия отырысында айтты.
Биыл Мемекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Қабылданған күннен бастап елдігіміздің басты нышандары азаматтарды айшықтап, оларға патриоттық рух сыйлап келеді. Осы 30 жыл ішінде қоғамда Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениеті қалыптасты. Азаматтар мемлекеттік нышандарды қастерлеп, мақтан тұтады десек қателеспейміз. Дегенмен соңғы кезде әлемдегі геосаяси жағдайлар, әсіресе, кешегі қаңтар оқиғасы патриоттық тәрбиені одан әрі арттырып, жастардың бойына отансүйгіштік пен жастардың бойына мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін сіңіру ұажет екенін көрсетті, - деді Абаев.
Министр Мемлекеттік рәміздер күнін ерекше атап өту министрлік алдында тұрған мәселе екенін айтты.
Мәдениет және спорт министрлігі геральдика саласындағы өкілетті орган ретінде осы бағытты іс шараларды үйлестіреді. Биылғы мереке сенбіге келіп тұр. Сондықтан бұл күн азаматтардың есінде қаларлықтай бүкілхалықтық шараға айналуы керек. Әдеттегідей, жалпылама шарадан гөрі халық өзі қатысатын шара ретінде өткізуді жөн санап отырмыз, - деді Дәурен Абаев.