30 жас виртуоз Нұр-Сұлтанда пианистер байқауында сайысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл жас пианистердің «Astana Piano Passion – 2019» V Халықаралық байқауына қатысуға әлемнің 20 мемлекетінен 114 өтінім келіп түскен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл фестиваль оған тек 18 жасқа дейінгі музыканттар ғана қатысатындығымен ерекшеленеді. Шара 2013 жылдан бері қала әкімдігінің және қазіргі заманның атақты пианисті Денис Мацуевтың бірлескен бастамасымен Қазақстанның елордасында өткізіліп келеді. Биыл классикалық музыка әлеміндегі атаулы шара Нұр-Сұлтан қаласында мамырдың 12-18 күндері өтеді.

«Astana Piano Passion – 2019» жартылай финалында халықаралық қазылар алқасы 30 жас талантты таңдады. Әдеттегідей, байқауға қатысуға ең көп өтінім Қазақстан (20) және Ресей (36) мемлекеттерінен қабылданған. Іріктеу қорытындысы бойынша келесі кезеңге еліміздің 4 өкілі жолдама алды. Сонымен қатар, Қытай, Австралия, Беларусь, Грузия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Украина, АҚШ, Әзербайжан, Болгария, Канада, Сербия, Жапония, Изралиь, Коста-Рика, Румыния, Польша, Тайвань елдерінің жас таланттары да биыл пианино өнері әлеміндегі ірі шаралардың бірінде шеберлік байқасады.

Байқауға қатысушылар географиясының кеңдігі оның мәртебесінің жоғары екендігінің белгісі, тіпті оны фестиваль деп те атауға болады. Мұнда классикалық музыка мэтрлері өскелең ұрпаққа және көрермендерге өз өнерлерін паш етеді.

«Шынымен де, «Astana Piano Passion» Қазақстанда, елордамызда өткізілетін бірегей, жарқын әрі беделді шаралардың бірі болып табылады. Мұны қазіргі заманның танымал пианисті және виртуозы Денис Мацуевтың байқауға жетекшілік ететінінен де байқауға болады. Осы байқаудың арқасында біз жаңа таланттарды анықтап, қазақ музыкасын, нақты фортепиано өнерін насихаттаймыз – байқау ережесі бойынша қазақстандық композитордың бір шығармасын міндетті түрде орындау керек. Біз үшін бұл өте маңызды», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

«Astana Piano Passion» байқауы өткізілген алты жылдың ішінде таяу және қиыр шетелдік 45 мемлекеттен оған қатысуға 400-ден аса өтінім келіп түскен. Байқау көптеген жас музыканттарға классикалық өнер әлеміне жол ашты.

Бұрынғы байқаулардың лауреаттары бүгінде бүкіл әлемді аралап, үздік сахналарда өнер көрсетіп жүр. Мысалы, 2013 жылғы алғашқы байқаудың жеңімпазы жапониялық Юкине Куроки қазір әлемдік деңгейдегі музыкант, 2015 жылғы «Astana Piano Passion» лауреаты Нұрсұлтан Омарғазин Санкт-Петербургтегі әйгілі Мариин театрында ойнау мүмкіндігіне ие болды, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Маэстро Денис Мацуев олардың барлығымен байланысты үзбей келеді, оларды басқа да ауқымды шараларға қатысуға шақырады.

Биылғы байқаудың жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Жас дарындарды «Astana Piano Passion» байқауын құрушылардың бірі және арт-директоры Денис Мацуев бастаған жеті мемлекеттен жиналған әлемдік классикалық музыка жұлдыздары, оқытушылар мен тәлімгерлер бағалайды. Атап айтқанда, Төлеген Мұхамеджанов (Қазақстан), Валерий Пясецкий (Ресей), Ли Минцян (Қытай), Максим Могилевский (АҚШ), Борис Петрушанский (Италия), Әмір Тебенихин (Қазақстан-Германия) және Мартин Энгстрем (Швеция). 

«Accordi di Astana» қоғамдық қорының президенті, «Astana Piano Passion» байқауын ұйымдастырушылардың бірі Елена Корабейникова-Милановичтің айтуынша, Денис Мацуевтың көркемдік директор ретінде қатысуының өзі байқаудың әлемде жоғары мәртебе ие екедігінің және сәтті өтетіндігінің кепілі болып табылады.

«Бағдарламаны әлдеқайда қызықты әрі қанық етуге тырысамыз.  Талантты балаларды іздеуге көп уақыт пен күш жұмсаймыз. Осында, Нұр-Сұлтан қаласында байқауға бұрын-соңды қатыспаған өзге мемлекеттердің орындаушыларын тыңдаймыз. Ұйымдастырушылар қатысушыларға және олармен еріп келген оқытушыларға барынша жайлы жағдай жасауға тырысады. Нақтырақ айтқанда, жартылай финалистердің әрқайсысына және оның тәлімгеріне байқау күндерінде тұру және жол ақысы төленеді», - деді Елена Корабейникова-Миланович.

Байқау бағдарламасына тоқталсақ, әдеттегідей, отандық композиторлардың шығармаларын орындауға басымдық жасалады. Өйткені, кезінде байқау қазақстандық пианино өнері мектебін барша әлемге танымал ету мақсатымен құрылған болатын.

«Astana Piano Passion – 2019» байқауы аясында өтетін концерттер мен өнер көрсетулер «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында өтеді. Конкурсанттардың сахнаға шыққанға дейінгі дайындықтары да осында өтеді.

Байқау өтетін күндері көрермендер үшін кіру тегін, ал байқаудың «Салтанатты ашылу», «Жабылу» және «Өнер шеберлерінің гала-концерті» шараларына кіру ақылы. Билеттер театр кассаларында сатылады. Фестивальдің толық бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының сайтында жарияланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы