30 Қыркүйек 2026, 07:09 Фото: pixabay

30 қыркүйекте Қазақстанның алты қаласында ауа ластануы болжанады

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл өз кезегінде адам денсаулығына әсер етеді.

«Қазгидромет» синоптиктері 30 қыркүйекте Қазақстанның алты қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтілетінін болжады. Тұрғындарға қозғалысын жоспарлау кезінде ауа райы факторларын ескеруге кеңес беріледі.

Синоптиктердің мәліметінше, 30 қыркүйекте ҚМЖ Алматы, Ақтөбе, Атырау, Петропавл, Көкшетау және Өскеменде болжанады.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар деп атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды, яғни ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың – желсіздік, әлсіз жел, тұман және инверсияның үйлесуін айтады.

ҚМЖ кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл өз кезегінде адам денсаулығына әсер етеді.

Ластану деңгейінің қалыптасуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы. Оған жел, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы жатады.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде:

  • ашық ауада, әсіресе автожолдар немесе басқа да ластану көздеріне жақын жерде болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартқан жөн;
  • өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар ашық ауада жүрген кезде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек;
  • ашық ауадағы дене жүктемесін шектеу қажет. Дене шынықтыру және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысқан жөн.