30 мыңнан 306 мың теңгеге дейін. ІІМ қару тапсырғандарға өтемақы береді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысов министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты.
Өтемақы мәселелеріне келетін болсақ, қаруды өтемді тапсырғаны үшін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты әр бірлігі үшін (10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін) 30 мыңнан 306 мыңға дейін әр түрлі болады.Сыйақы көлемін әр облысытық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылатын комиссиялар белгілейді, - деді Ыдырысов.
Ол атағандай, жүз айлық есептік көрсеткішке дейін немесе
306 мың теңгені - автоматты ойық қаруды тапсырған азамат ала алады.
Мұндай соманың жартысы ойық ұңғылы мылтықтар мен карбиндер үшін төленуі мүмкін.Тапаншалар мен револьверлер үшін - 122 мың теңгеге дейінгі мөлшерде төлеу болжанады.Тегіс ұңғылы мылтықтардың әрбір бірлігі барынша 91 мың теңгеге бағалануы мүмкін.Төлемдер мөлшерін айқындау кезінде Комиссиялар қарудың техникалық жай-күйін ескереді және тиісті санат беріледі, олар барлығы - 3 санатқа бөлінеді, - деді ол.
Ол атағандай, 1-санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100%-ы, 2-санатқа 70%-ы, 3-санатқа 30%-ы есебінен жүргізіледі.
1-санаттағы қаруға – пайдалануда болмаған және техникалық ақаулықтары жоқ қару не бұрын пайдалануда болған, бірақ көрінетін немесе жасырын ақаулықтары жоқ, тауарлық түрін жоймаған қару жатады.
2-санаттағы қаруға – одан әрі пайдалануға кедергі болмайтын, жекелеген техникалық ақаулықтары немесе тауарлық түрінің ақаулары бар қару жатады.
Жөндеу арқылы жойылатын немесе орны толатын, зақымдаудан немесе жоғалудан болған жекелеген ақаулықтары бар қару да 2-ші санатқа жатады, - деді ол.
3-санаттағы қаруға – техникалық ақаулықтары болуы салдарынан одан әрі пайдалануға жарамсыз немесе пайдалану қауіпті, оларды жөндеу, қалпына келтіру немесе ауыстыру техникалық немесе экономикалық себептер бойынша орынсыз болатын қару жатады.
Сыйақы төлеу мерзімі – 1 ай.