Бүгiн 2026, 11:58 Фото: Үкімет

30 мың жалған құжат: Министр мал дәрігерлеріне бақылау әлсіз екенін мойындады

Президент дұрыс айтты. Мұндай мәселелер бар. Бірақ бұл бір күнде шешілмейді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ветеринария саласында бақылау мәселесі бар екенін мойындады. Бұл туралы ол Үкімет кулуарында журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Журналист: Президент мал дәрігерлерінің жұмысын толық бақылауға алынбағанын, соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалғанын айтты. Екі жыл бұрын салаға министр болып тағайындалдыңыз. Сала бақылаудан шығып кеткен жоқ па?

Айдарбек Сапаров:

Президент дұрыс айтты. Мұндай мәселелер бар. Бірақ бұл бір күнде шешілмейді. Мен бір жыл бұрын бақылауды күшейту керегін айттым. Бұл – жергілікті жердегі ветеринарлар мен әкімдіктердің жұмысы. Біздің комитет инспекция ретінде бақылауды жүргізеді. Мәселе Жамбыл облысында басталды, үлкен резонанс болды. Вакцина уақытында салынбаған жағдайлар анықталды. Кей жерлерде маман жетіспейді.

Министрдің айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылған. Жергілікті деңгейде кемшіліктер бар екені расталды.

Журналист: Жалған құжат жасағандарға қандай жаза бар?

Айдарбек Сапаров:

Іс қозғалған жағдайлар бар. Ескерту берілгендері бар. Кейбір жерде қылмыстық істер бар.