30 мың теңгелік курс: Жанабыловтар отбасына қандай айып тағылып отыр?
Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды.
Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды. Сот отырысында аға прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау тарапының ұстанымын жариялап, тергеу нұсқасына негіз болған жайттарды баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Прокуратура өкілінің айтуынша, айыпталушылар әлеуметтік желідегі танымалдығы мен аудиторияның сенімін пайдаланып, табыс табу схемасын құрған.
Хайруллаевтың сөзінше, Жанабылов пен Төлегенова 12 жылдан астам уақыт бойы блог жүргізіп келеді. Олардың контенті негізінен отбасылық құндылықтар, үш баланың тәрбиесі және лайфстайл тақырыбына арналған.
Сонымен қатар блогерлер әлеуметтік желіде сән-салтанатты өмір салтын көрсетіп, аудитория арасында қаржылық тұрғыдан табысты әрі сенімді тұлғалар ретінде танылған.
Айыптау тарапының мәліметінше, 2025 жылдың басында блогерлер ірі көлемде табыс табуға бағытталған жоспар жасаған.
Прокурордың айтуынша, олар аудиторияның жоғары деңгейдегі сенімін және жазылушылардың өздері қалыптастырған имиджге тәуелді екенін түсіне отырып, ерекше ірі көлемде табыс табуды көздеген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, блогерлер ұсынған ақылы курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған.
Прокуратура өкілінің айтуынша, курстардағы бейнематериалдар бірегей емес, мазмұны үстірт әрі жиі қайталанатын ақпараттан тұрған. Сондай-ақ бұл материалдар бұрын басқа блогерлер таратқан курстарға ұқсас болған. Бұған қоса, бейнелердің бір бөлігі YouTube сияқты платформаларда еркін қолжетімді болған.
Айыптаушы тараптың мәліметінше, курстарды сату шын мәнінде жүлде ұтыстарын ұйымдастыруды бүркемелеу үшін пайдаланылған.
Осылайша, аталған курстар нақты білім беру немесе экономикалық құндылыққа ие болмаған және азаматтардан рұқсат етілмеген ұтыс ойындарына қатысу үшін ақша тартуға бағытталған әрекетті жасыру құралы болған, – деді Хайруллаев.
Прокурордың айтуынша, ұтыс ойындарының шарттарына сәйкес қатысушыларға Hyundai маркалы 10 автокөлік, iPhone смартфондары және ақшалай сыйлықтар уәде етілген. Ақшалай жүлделер көлемі 5 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін болған. Жалпы жарияланған жүлде қоры 200 миллион теңгеден асқан.
Тергеу есебіне сәйкес, блогерлер курстарды сатудан шамамен 487 миллион теңге табыс табуды жоспарлаған. Курстың бағасы 30 мың теңге болған, ал акцияға 16 249 адам қатысады деп есептелген. Осылайша, шығындарды алып тастағанның өзінде ұйымдастырушылар 200 миллион теңгеден астам пайда табуды көздеген.
Еске сала кетейік, бүгін блогерлерге қатысты негізгі сот отырысы басталды.
Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық. Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды. Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірген.
Айта кетейік, жыл басынан бері құзырлы орган 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы барын анықтады.
Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.
Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.