30 мыңдық сертификаттың жыры: Көлгінов жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 9 мың балаға жалпыға бірдей білім беру қорының көмегі көрсетіледі.  Бұл туралы елорда педагогтарының жыл сайынғы Тамыз кеңесінде қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.  

Бұрын білім беру қоры мектеп оқушыларының формасы мен аяқ киімді сатып алып тарататын. Енді, ата-аналардың өздері қажетті өнімді таңдай алады. Өйткені, елордадағы мектеп оқушыларының ата-аналары тұрмысы төмен отбасыларға берілетін сапасыз киімдерге наразылық білдірген екен.  Сондықтан әкім әлеуметтік әлсіз топтарға 30 мың теңгеден сертификаттар берілгенін айтты.

«Былтырғы жылы жалпы білім беру аясында 1700 бала көмек алды. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсіп, 9 мыңға жетті. Әкім болғалы 1,5 айдың ішінде жеке өзім 300-ден астам адамды қабылдадым. Олар киім сапасына, өлшемдерінің сәйкес келмеуіне шағымданды. Директорлар ештеңе істей алмайды. Ата-аналардың көбісі: «Бізге киім сатып алмаңыздар», - деп айтты. Солардың өтініші бойынша, биыл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге біз осындай сертификаттар беруді шештік», - дейді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, тұрмысы төмен ата-аналар сертификаттарға сәйкес отандық өндірушілерден мектеп формасын алуға мүмкіндіктері бар.

«Егер  базардан сатып алсаңыз, онда киімнің сапасы үшін кім жауап береді? Енді, бұрынғыдай болмайды. Олар арзан тауарды шетелден әкелді. Енді біз кез-келген жағдайда кімнен жауап алатынымызды білеміз. Біз өз кезегімізде ата-аналарға костюмді 20-22 мың теңге көлемінде, ал аяқ киімді 9-10 мың теңгеге сатып алуды ұсынамыз. Әкімдік әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер сұрады. Кәсіпкерлер келісіп отыр», - дейді елорда басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қала басшысы елорда мектептеріне 200 мұғалім қажет екенін айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы