30 млрд теңге геологияны дамытуға бағытталмақ
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жер қойнауын геологиялық барлау көлемін арттыру арқылы геологияны дамытуға қаржы бөлінетінін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жер қойнауын геологиялық барлау көлемін арттыру үшін биылдан бастап қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтамыз. Біз жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру бойынша аукциондардан түсетін бонустардың қаражаттарын геологияны дамытуға бағыттау туралы шешім қабылдадық. Биыл бұл сома кемінде 30 млрд теңгені құрайды, - деді Премьер-министр.
Ол қаржы көлемі әлі де артатынын айтты. Қазіргі уақытта тиісті есептеулер жүріп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылы елімізде мыс өңдеу екі есе ұлғаймақ.
Бүгінгі Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ау-кенге арналған цифрлық стартаптар 5 млрд теңге табыс әкелгенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, "Қазмырыш" алдағы 10 жылда газдарды тазарту мен шаңды ұстау жобаларын енгізбек. Олжас Бектенов Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесін сақтап қалу керектігін де айтты.