30 Leaders Meetup. Жас лидерлер бір-бірімен тәжірибе алмасты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін астанада «30 Leaders Meetup – тәуелсіз ұрпақ» мотивациялық форумы өтті.
Шара барысында заманауи Қазақстандағы инновацияларды дамыту перспективалары талқыланды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға арнаған сөзінде ғылымсыз, инновациясыз әлемнің дамыған елдерінің қатарында бола алмаймыз деген болатын.
Инновациясыз, ғылымсыз біз әлемнің дамыған 30 мемлекетінде бола алмаймыз. Сондықтан жастар, әсіресе ғылымға баратын жастар, ноу-хау, инновациялар Қазақстанда пайда болғаны үшін осылай істеу керек. Ешкім бізге ең жақсы технологияны, ғылымның ең жақсы шыңдарын бермейді, ешкім өзіне бәсекелес құрғысы келмейді. Сондықтан мен ең үздік университеттеріміз, ең үздік ғылымымыз, ең үздік зертханаларымыз, ең үздік ғалымдар болуы үшін Қазақстанда жұмыс істеп, дамуымыз үшін қажет нәрсенің бәрін өзімізде жасалуы үшін қызмет етемін, - деп айтқан болатын Елбасы.
Осы ретте бүгінгі форум жетістікке жеткен жастардың қатысуымен алғаш рет ұйымдастырылды.
Оған бизнес және кәсіпкерлік, қаржы және инвестициялар, әлеуметтік қызмет, ғылым және технологиялар, шоу-бизнес және спорт, массмедиа, PR және жарнама, білім беру және денсаулық сақтау, өнер және мәдениет салаларында жетістікке жеткен 30 жаңашыл жас атсалысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форумды ашқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен форумға қатысып жатқан жастардың еңбектері, 30 лидердің ішіне кірудің өзі үлкен жетістік екенін айтты.
Сондай-ақ, аталған шараның ақпараттық серіктесі «Forbes Kazakhstan»-ның баспагер Арманжан Байтасов жастарға қолдау көрсетті.
Сонымен бірге, 30 Leaders Meetup Nur-Sultan жобасының бастамашысы Forbes «30 және 30 жастан кіші» рейтингіне енген Тәуелсіз Қазақстанның жас жаңашылдарының бірі - продюсер және кәсіпкер Азат Әбікен болды. Ол форумды ұйымдастыруға қолдау көрсеткендерге алғысын білдірді.
Форумға робототехника бойынша үлкен жетістіктері бар жастар да қатысты. Соның бірі Qmobot негізін қалаушылардың бірі Бауыржан Оспан. Ол өзінің жасаған өнімдерімен таныстырып, болашақ Қазақстанда қандай роботтар болуы мүмкін екенін көрсетті.
Сондай-ақ, танымал видеографтар мен музыка өкілдері де қатысты. Атап айтсақ, жас режиссер Қыран Талапбек, Ninety one тобының рэпері Дулат Мұхаметқалиев (Zaq) қатысты.
Қыран Талапбек форум кезінде операторлардың өнері бағалана бермейтінін айтқан болатын.
Ал БҰҰ, ФАО гендер мәселелері жөніндегі өңірлік сарапшысы Ақмарал Сман гендерлік теңдік мәселесі жөнінде сөз қозғады.
Du Soleil цирк әртісі Рафаэль Фатхельянов пандемия жағдайындағы адаптация туралы, қалай бәрін басынан бастауға болатыны туралы айтып берді.
Сонымен қатар, форумға қатысқан онкологияны ерте диагностикалау саласындағы патенттің авторы, IMMS Journal бас редакторы Бахтияр Ажкен мен Nasa Johnson Space Center жобасының қатысушысы, Aller Scan негізін қалаушылардың бірі Жалын Қабыкен де өз тәжірибелерін ортаға салды.