Дамыған 30 елдің қатарына кіруді қаласақ, сондағы білім беру талаптарын да енгізуіміз керек – Рауан Кенжеханұлы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Ұлттық сенім кеңесінде өткен брифиг барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғалар мен халықтың іштей бөлінуі түптеп келгенде білім деңгейінің қандай дәрежеде екенін көрсетеді.
Қоғамдағы әлеуметтік таптарға бөлінуі және бай мен кедейдің арасындағы айырмашылықтың күшеюі. Жалпы айтқанда, қоғамдағы көп нәрсе білім саласына байланысты екенін мойындауымыз керек. Егер біз дамыған 30 елдің қатарына кіруді қаласақ, сол 30 елдегі білім беру стандарттары мен талаптарын бірінші кезекте есепке алуымыз керек. Сонымен қатар оның себеп-салдарын шешуге жол табуымыз керек, - деді ол.
Рауан Кенжеханұлы атағандай, білім саласын дамыту мақсатында реформалар көп. Бірақ оның ішіндегі күрделі мәселелерді ашып қарастыра бермейміз.
Білім саласындағы күрделі мәселелердің шын масштабын әрі қиындықтарын ашық айтуымыз керек. Себебі білім туралы айтқан кезде түрлі бастамалар, түрлі реформалар өте көп. Бірақ соның ішіндегі ең маңызды мәселе білім саласына түсіп тұрған демографиялық саясат жыл сайын артып келе жатыр. Елімізде мектепте оқитын 3,5 млн баланың 80 пайызы екі аусымды мектепте ал 215 мың оқушымыз 3 аусымды білім ордасында оқитынын айта кету керек . Бұл біз үшін алдағы 5 жылдың ішінде 3 аусымды жеңу деген тапсырма бұл тиісті деңгейде қойылған мақсат емес. Біз шын мәнінде бір ауысымға өтуіміз керек. Қазақстандағы барлық мектеп бір ауысымды болуы қажет. Оған өту үшін мың емес, үш мың мектеп керектігі анық. Қазіргі таңда бізге жетіспей тұрған оқушы орны 2 млн екенін бұрыннан айтып келе жатырмыз, - деді Рауан Кенжеханұлы.
Сонымен қатар ол бұл мәселелерді шешу үшін ескі механизмді қолданудың қажет емес екенін ескертті.
Егер бұл проблеманы дәстүрлі жолмен шешетін болсақ, мектеп салып, мұғалімдер дайындасақ, қымбатқа соғады. Шамамыз жетпейді, - деді ол.