-30° аяз, боран, көктайғақ: Қазақстанда ауа райы күрт құбылады
«Қазгидромет» РМК мамандары 10, 11 және 12 ақпанға ауа райы болжамын жариялады. Қазақстанның басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауып, боран, көктайғақ, бұршақ, қатты жел болады. Кезең соңында антициклон келіп, солтүстік пен орталықта аяз -30 градусқа дейін күшейеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Синоптиктердің мәліметінше, 10-11 ақпанда солтүстік, солтүстік-батыс, орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде қар мен жаңбыр жауады. 11 ақпанда шығыс аймақтарда да жауын-шашын күтіледі.
Елдің басым бөлігінде боран, көктайғақ, бұршақ және екпінді жел болуы ықтимал. Бұл күндері жол қатынасы мен жаяу жүргіншілер үшін қолайсыз жағдай қалыптасуы мүмкін.
Алайда кезеңнің соңына қарай ауа райы күрт өзгереді. Батыстан келетін антициклонның әсерінен жауын-шашын тоқтап, аяз күшейеді.
Температура болжамы:
• Солтүстік, солтүстік-батыс және орталықта: түнде -22…-30°, күндіз -15…-20°
• Шығыста: түнде -13…-23°, күндіз -12…-20°
• Оңтүстікте: түнде -10…-20°, күндіз -5°-тан +5°-қа дейін
Бұған дейін синоптиктер ақпан айына арналған жаңартылған болжамды да жариялаған еді. Онда ай бойы ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болатыны, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде сақталатыны айтылған. Тек елдің оңтүстік-шығысында температура қалыпты шамада болады.
Айта кетейік, 9 ақпанда Қазақстанның барлық өңірінде жауын-шашын түседі: солтүстікте қар, ал оңтүстік пен батыста жаңбыр жауады.