3 тәуліктен 1 күнге қысқарды. Заң жобасында тағы қандай өзгерістер бар

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ал 25 қазан – Республика күні ретінде мерекелене бастағалы бері еліміздің құқықтық саласы нығая түсті. Әсіресе, адам құқығы, қылмыстық істерді тергеу саласында ауыз толтырып айтуға болатын көрсеткіштер бар. Соңғы жылдары қылмыстық процесс саласындағы ұлттық заңнамаларға елеулі өзгерістер енгізілді. Сәйкесінше, заңдағы өзгерістерден кейін қылмыстық істерді тергеу бойынша нәтиже айтарлықтай жоғарылады. Бұл туралы Бас көлік прокурорының орынбасары Исаев Руслан Нұрмаханбетұлы айтып берді.

– Айтыңызшы, қылмыстық істерді тергеу үшін ең басты мәселе неде? Өзгерістің өзекті тұсы қайсы?

– Әуелі, барша қазақстандықтарды 25 қазан – Республика күнімен құттықтаймын! Әрдайым аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!

Енді сұрағыңызға оралсақ, заңға енгізілген өзгерістер тергеу процесін оңтайландыратыны сөзсіз. Мәселен, енді дәлел таппаған тергеушінің жағдайы қиындайды, яғни, тергеу органдары істі бір факті бойынша қозғайды, ал кейін осы факті аясында дәлел таппаса, басқа ілік іздей бастайды. Бұл тұрғыда адам құқығына нұқсан келтіріледі. Себебі тергеу үшін ең басты мәселе – ол адамды заңсыз жауапқа тартқанына жауап бермеу. Енді нақты іс бойынша дәлел жоқ болса, іс жабылып, бұл бағытта тергеу органдарының жауапкершілігі күшейтіледі.

– Тағы қандай жаңашылдық бар?

– Заң жобасындағы тағы бір жаңалыққа тоқталсам, «Бұйрық өндірісі» деген жаңа институт енгізілді. Адам кінәсін мойындап тұрса, дәлелдер жеткілікті болса, айыппұлға келіссе, еш дау көтермесе, «Бұйрық өндірісі» қолданылады және прокурор мен соттың істі қарау мерзімі азайды. Енді прокурордың тексеру уақыты 3 тәуліктен 1 күнге қысқарды. Сонымен қатар, сотта істі қарау 15 күннен 3 тәулікке дейін азайды. Бұдан бөлек, қылмыстық теріс қылықтар туралы айта кетейік. Олар құқықтық тұрғыдан қылмыстан бөлек санатқа жатады. Бұрын әкімшілік құқық бұзу санатына кіретін. Оларды қылмыстық істер сияқты тергеп-тексерудің қажеті жоқ. Ондай істерді сол жерде хаттама жасап, сотқа бірден жолдаған дұрыс. Прокурор сотқа қатысып, өз қорытындысын береді. Жеңіл қылмыстар болса, сотқа тек қана прокурор арқылы барады.

Маңызды жайт, санкциясыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқартылды. 48 сағат – ол халықаралық стандарт. Барлық дамыған елде осы мерзім көрсетілген. Біз де оған ұмтылуымыз керек. Қылмысты қинап мойындатуы және тағы басқа әрекеттер жасауы мүмкін сондықтан осы саланы одан әрі жетілдіріп, мерзімді қысқартып, прокуратура қадағалауын күшейту талабы қойылып отыр, алайда 72 сағат санкциясыз ұстау мерзімі терроризм және экстремизм, жаппай тәртіпсіздік, есірткі тасымалдау, балаларды зорлау, қасақана адам өлтіру секілді ауыр қылмыстар үшін өзгеріссіз қалады.

– Руслан Нұрмаханбетұлы, жалпы өзгерістің мақсаты не?

– Жақсы сұрақ қойып отырсыз. Мақсаты – қылмыстық процесті реформалау емес. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіп жатқан қылмыстық саясатының жалғасы. Оның басты концепциясы – қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру және осы қылмыстық процеске қарапайым халықтың көзімен қарау деп есептеймін.

Заңнаманың маңызды бағыттарын айтып берсеңіз?

– Алдымен, қылмыстық процесте адамның құқын қорғау деңгейін арттыру,

– қылмыстық процесте жарыспалықты күшейту;

– сотқа дейінгі сот бақылауын күшейту;

– тергеу жүргізу тәртібін оңтайландыру;

– тергеу, прокуратура және сот өкілеттіліктерінің аражігін ажырату. Бұл шаралар қылмыстық процесті жаңғыртуға, оны жетілдіруге бағытталған.

– Заңдағы өзгерістер бойынша цифрлық технологияның күшін пайдалынып, қылмыстық істерді тергеу жағы қалай болып жатыр?

– Өзіңіз білетіндей, қазір барлық органдарда істі тергеу барысында цифрландыру жүйесін енгізу қолға алынды. Енді істерді электронды түрде жүргізуге болады. Цифрлы формат, ең алдымен, адамның құқығын қорғауды нығайтады. Өйткені барлық процесс алақандағыдай көрініп тұрады. Бастысы – сот пен прокурордың бақылауы артады, жалған құжат жасауға жол берілмейді.

– Ал заңға үш буынды модельдің енгізілуі прокурорлардың мәртебесіне қаншалықты әсер етті?

– «Үш буынды модель» арқылы прокурор қылмыстық процеске қатысушы негізгі тұлғаға айналып, оның шешімі қылмыстық процестегі басты шешімнің бірі болды. Соңғы өзгерістер бойынша прокурордың бес негізгі шешімді міндетті түрде мақұлдауын көздейді: біріншісі – адамды күдікті деп тану, екіншісі – күдіктінің іс-әрекетін саралау, үшіншісі – іс-әрекетті немесе қылмысты қайта саралау, төртіншісі – сотқа дейінгі тергеудің мерзімін үзу, бесінші қылмыстық істің тоқтатылуы.

Бұдан былай, бұл шешімдер прокурормен келісілгеннен кейін ғана күшіне енеді, ал бұған дейін оларды тергеушілер дербес қабылдайтын.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы