3 Қыркүйек 2026, 09:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві

3 қыркүйек – Қазақы тазы күні: Ұлттық мұраны ұлықтауға жасалған маңызды қадам

«Тазының бойында нағыз тектілік бар»: 3 қыркүйек – Қазақы тазы күні.

Биылдан бастап елімізде 3 қыркүйек – Қазақы тазы күні аталып өтеді. Бұл мереке Үкіметтің 2026 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына сәйкес ұлттық ит тұқымдарын сақтау, оларды қорғау және кеңінен насихаттау мақсатында ресми түрде енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл күннің таңдалуының өзіндік тарихи мәні бар. Дәл осы күні, 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала негізде ресми түрде танып, тұқымға № 372 стандартын бекітті және Қазақстанды оның шыққан елі ретінде белгіледі.

Қазақы тазы – халқымыздың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Халқымыз тазыны өзінің жүйріктігі, ақылдылығы мен сезімталдығы үшін Жеті қазынаның біріне балап, төріне шығарған.

«Тазы» сөзі парсы тілінен аударғанда «епті, шапшаң, жүйрік» деген мағынаны білдіреді. Жеті қазынаға кіретін бұл асыл тұқымды жануар кезінде қиын-қыстау нәубет жылдары бүтіндей бір ауылдарды аң аулап, аштықтан аман алып қалған қасиетті мұра саналады.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Кейінгі жылдары елімізде тазының таза тұқымын сақтап, оны асылдандырумен айналысатын кәсіби тазы өсірушілердің қатары арта түсті. Егер бұған дейін тазы ұстау тек ауылдық жердегі аңшыларға тән әуесқойлық болып келсе, қазір бұл іске ұлттық құндылықты жаңғырту деп қарайтын азаматтар көбейген.

Солардың бірі – осы салада 40 жылға жуық тәжірибесі бар кәсіби тазы өсіруші, Мұрат Жанспейісов. Алматы өңірінің тұрғыны бала күнінен тазылармен бірге өсіп, кейін ата кәсіпті жауапты іске айналдырғанын айтты.

«Кішкентайымыздан әкем ауылда тазы ұстаған. Содан қызығып, есейе келе осы тазы өсіруді кәсіпке айналдырдым. Қазір тазыларды басқа будан тазылардан бірден ажырата аламын. Өзіміздің басқа тұқымдарымыз бар, бүгінде соларды будандастырып, асылдандырумен айналысып жатырмыз», – деді ол.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Тазы өсірушінің айтуынша, тазы – басқаларға ұқсамайтын тектілігі өте жоғары жануар. Оның ең басты ерекшелігі – адамға бауырмалдығы мен сабырлылығында.

«Тазының бойында нағыз тектілік бар. Ол ешқашан ұрлық жасамайды, арамдыққа бармайды. Өте сабырлы, бауырмал әрі қайсар. Кез келген ортада өзін сабалы ұстай біледі және адамға бауыр басқыш келеді», – деді Мұрат Жанпейісов.

Мұрат Жанпейісов тазыларды асылдандырып қана қоймай, оларды аңшылық пен халықаралық жарыстарға баптайды. Оның Челси есімді тазысы 2026 жылы 2-7 маусым аралығында Италияның Болонья қаласында әлемдегі ең беделді кинологиялық форумдардың бірі – World Dog Show 2026 көрмесіне қатысып, 4-орынды иеленді. Маманның сөзінше, тазыларды мұндай жарыстарға дайындау үшін ерекше жаттығудың немесе күрделі күтімнің қажеті жоқ.

«Тазылар табиғатынан аңшылыққа, жүйріктікке дайын тұрады. Оларды арнайы жүгіртіп, ауыр жаттығулармен қинаудың да қажеті жоқ. Негізгі талап – тамағын уақытылы беріп тұру. Тазы ас талғамайды, тіпті жарыстар үшін арнайы мәзір енгізбейміз. Ең маңыздысы – тазыны ешқашан ұруға болмайды. Ол – киелі жануар. Оған өзіңнің балаңа қарағандай мейіріммен, жауапкершілікпен қарау керек», – деп атап өтті.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Тазы – жай ғана ит тұқымы емес, ол – дала өркениетінің, ұлттық болмысымыз бен мәдениетіміздің куәсі. 3 қыркүйек – Қазақы тазы күнінің мемлекеттік деңгейде белгіленуі бұл асыл тұқымды жойылып кетуден сақтап, оның далалық тектілігін келешек ұрпаққа аманаттаудың маңызды қадамы болмақ.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі