3 қаржы пирамидасына қатысты істер сотқа жолданды
Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Қаржылық мониторинг агенттігі басқарма басшысы Өмірсерік Тажмағанбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның берген мәліметінше, жыл басынан бері 12 финпирамидаға қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Олар бойынша салымшылардың жалпы саны 7 300-ден астам адам, ал шығын көлемі қазірдің өзінде 600 млн теңгеге жеткен.
Соңғы үш айда 3 қаржы пирамидасына, атап айтқанда, World Business Consulting», «Hermes-LTD», «Sincere Systems» қатысты 3 іс сотқа жолданды. Келтірілген залал 306 млн теңге болса да, алайда дер кезінде шара қолдану арқылы ұйымдастырушылардың жалпы сомасы 780 млн теңгеден астам сома көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды, - деп түсіндірді Өмірсерік Тажмағанбетов.
Сөзінше, тәркіленген мүліктің көлемі қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар келтірген залалдан 2,5 есе көп. Сот шешімі бойынша мұның барлығы жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге бағытталуы тиіс.