3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініштер қабылданады
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2022 жылдың 22 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР азаматтарының Төлем қабілеттілігін қайта қалпына келтіру және банкроттығы туралы заңға қол қойды. Бұл қарыздары бар, қарыздарын өтей алмай жүрген азаматтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады деген сөз.
Заңнама қабылданды. 3 күннен кейін, 3 наурыз күні арыздарды қабылдай бастаймыз. Айта кететін жағдай, бұл заң белгілі уақытпен шектелмеген. Тек 3 наурыз немесе жылдың аяғына дейін жүргізілетін акция емес, - деді Қаржы вице-министрі.
Ол жеке тұлғалардың банкроттығы тақырыбындағы баспасөз конференциясында банкроттық туралы заңды қабылдағанда мән берілген үш пунктке тоқталды.
Біріншіден, бұл – соттан тыс банкроттық. Борышкерлердің қарызы 1600 АЕК-тен аспауы тиіс және бұл қарыз екінші деңгейлі банктерге, микроқаржылық ұйымдарға және коллекторлық агенттіктердің алдында болуы тиіс. Үшіншіден, борышкердің мүлкі болмауы тиіс. 12 ай бойы қарызын өтей алмаған азаматтар жүгіне алады, - деді Ержан Біржанов.
Сонымен қатар, вице-министр заңға депутаттар тарапынан да ұсыныстар айтылып, өзгерістер енгізілгенін хабарлады.