3 мыңнан астам атыраулық ұлттық киім шеруіне қатысты
Атырау қаласында ұлттық киім шеруі өтті. Оған 3 мыңнан астам тұрғын қатысып, қала көшелерімен жүріп өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл шеру наурыз мерекесінің 10 күндігі аясында өтіп жатқан шаралардың бірі. Оған облыстағы мемлекеттік мекемелер, ірі компания өкілдері, кәсіп иелері, этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты. Жиналғандар көздің жауын алатын шапан, кимешек, ұлттық нақыштағы көйлек киіп, әшекей-бұйымдарын таққан.
3 мыңнан астам тұрғын шеруді "Ту тұғыры" алаңынан бастады. Қаланың бас көшесімен "Исатай-Махамбет" алаңына дейін жүріп өтті. Шеруді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов бастады. Ат пен арбаға мінген тұрғындар да мерекенің сәнін кіргізді.
Мұндай шеру негізі қаламызда 2023 жылы басталған еді. Ол уақытта рәміздер күніне орай өтті. 1 мың атыраулық қатысқан. Бүгін міне сол дәстүрімізді жалғастырып отырмыз. Ардақты ақсақалдарымыздан бастап, кішкентай балаларымызға дейін, ақжаулықты әжелерімізден бастап, кішкентай қыздарымызға дейін өзінің ұлттық киімін киіп, ұлттық рухы мен мәдениетін көрсетіп, керемет шараға бір отбасындай атсалысып жатыр. Мұның өзі ынтымағы жарасқан берекелі еліміздің белгісі, -дейді Қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Қатысушылардың өзі мұндай шерудің ұйымдастырылғанына разы. Бұл әсіресе өскелең ұрпаққа үлгі екенін айтады.
Көбінде біз ұлттық киімді наурызда немесе көрісу мерекесінде ғана алып шығып киеміз. Бірақ оны күнделікті өмірде де ұлықтауымыз керек. Қазір мысалы көбіне жастар заманауи үлгіде, жақсы етіп киіп алады. Мына шеруге өзіміз ассамблея атынан қатысып жатырмыз. Барша тұрғындарды наурыз мерекесімен құттықтаймын. Еліміз өркендей берсін,-дейді қала тұрғыны Дәрібаева.