3 мың үйдің баласы спорт пен ойын алаңына мұқтаж
Атырау іргесіндегі Көктем шағын ауданының тұрғындары жылдар бойы ойын мен спорn алаңына жарымай отыр. Осы уақытқа дейін мәселені сан мәрте көтерсек те, жергілікті биліктегілер қимылдамайды деп ашулы жұрт. Жасалып жатыр деген жобаны күтуден шаршаған жұрт жиналып, шенділерге талаптарын тізді, деп хабарайды BAQ.KZ тілшісі.
Көктем ықшам ауданына тұрғындардың қоныстанғанына 15 жылдан астам уақыт болған. Біртіндеп тұрақтанғандар саны артыпты. Қазір онда 700 түтін, 3 мыңнан аса тұрғын бар. Ықшам аудандағы балалар бос уақытын қалай өткізерін білмейді. Шығып ойнайтын алаң да жоқ. Спорт алаңы да салынбаған екен. Тұрғындар проблеманы қанша айтқанымен, түйткілдің түйіні шешілмей келеді.
Қайыршақты ауылдық округіне қараймыз біз. Біздің көктемде ешқандай ойын алаңы жоқ. Мына алаң 2021 жылдың қысында салынды. Бюджетті игеру керек болған шығар. Желтоқсанда тапсырылды. Қалай болса солай берілді. Оны тапсырған кезде мына жерге округ әкімі Шапқат Қалиев те келген жоқ. 2022 жылы жазға жетпей шашылып қалды, сынып, күйі кетті. Әбден қирады. Міне әлі солай жатыр. Біздер жауаптыларға айттық талай. Бұл жерді реттеп, күрделі жөндеуден өткіземіз деді. Мына жерге поле салып беремін деді. Орталықтарға да алаң салып беремін деді. Ешқандай уәдесінде тұрған жоқ. Балалар қара жерге, топыраққа ойнайды футболды. Қаланың іргесінде тұрамыз, бірақ қала маңында емес ауылда тұратын сияқтымыз. Кейбір ауылдардың жағдайы бізден жақсы. Мына жерде талай бала мертігіп, ауруханаға түсті. Сондықтан осындай жағдай болмас үшін, бізге жағдай жасаса дейміз. Бейшара күйдеміз. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Біздің балалар спортқа қызықпайды емес, қызығады. Бірақ дайындалайын десе түк жоқ. Осыдан кейін елдегі спорт, елдегі футбол қайдан дамысын, - дейді Көктем ықшам ауданының тұрғыны Шынар Құсайынова.
Қара топырақ үстінде ойнап шаршаған балалар кейде көрші ықшам аудандарға барып ойын мен спорт алаңын қолданғысы келеді. Бірақ ол жақтағы алаңдар да бәріне бірдей жетпейді.
Балаларда ойын алаңы жоқ. Мына қасымыздағы ықшам аудандарда, яғни Жұлдыз-1, Ақсай, Ақжар бәрінде бар. Неге бізге салып бермейді. Осы уақытқа дейін қанша айтып жатырмыз. Тыңдайтын құлақ жоқ. Балаларымыз амалсыздан көршілес ықшам аудандарға барады ойнауға. Бірақ ондағылар жолатпайды, қуып жібереді өзіміз ойнаймыз деп. Сонда қайда барады олар. Шапқат Қалиевке талай айттық. Хат жаздық. Жауабы да жоқ, енді міне өзі де жоқ. Жіберетін мамандарының қолынан түк келмейді. Жалғыз ол емес жалпы бізде проблема көп. Айтудан кенде емеспіз. Судың өзі дұрыс ақпайды. Жаяу жүргіншілер жолы да жоқ қой. Бізге бәрін жасап берсін деп талап етеміз, - дейді тұрғындардың бірі Ақілгек Жақсылықова.
Ойын баласы мен спортқа ерте жастан әуес жеткіншектердің жағдайын биліктегілер біледі. Десе де бірінен кейін бірі ауысқан шенділер халықты құр уәдеге тойдырып, ертеңмен қатырып келеді. Енді қазір жобаның жасалып жатқанын айтады. Ол 4 елдімекенге ортақ жоба екен. Қазынадан 15 млн теңге бөлініпті.
Бұл мәселемен таныспыз. Қазір округ әкімдігімен, МБ Архитекс мекемесімен бұл жерге жобалық сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Ол өткен жылдың қазан айында басталды. Қазір аяқталуға жақын. Кейбір түзетулер енгізіліп жатыр. Алдағы айдың ішінде енді мемлекеттік сараптамаға енгізу жоспарланған. ЖСҚ бойынша 6 гектар жерге салынады. Онда бір футбол мен баскетбол алаңы болады. Сосын тұрғындарға демалатын мүмкіндік болады. Орындықтар қойылады. Ойын алаңы мен спорттық алаң да салынады. Сараптамадан өтсе, ақша бөлінсе ол шамамен 4 ай уақытты алатын жоба,-дейді округ әкімінің орынбасары Абай Орынұлы.
Ақ жағалылар осы жолы уәдесінде тұрса, көктем тұрғындары ойын мен спорт алаңына биыл жыл аяғына дейін қол жеткізеді. Себебі жоба сараптаманың оң қорытындысын алып, қазынадан қаржы бөліне қалса, құрылысы әрі кеткенде 4 ай ғана уақытты алады екен. Бұл жұмыс орындалмаса, қарашаның тағы неше жыл күтетіні белгісіз.
Айта кетсек, ойын мен спорт алаңының тапшылығы ықшам аудандағы жалғыз мәселе емес. Мұнда құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған мектеп те кешігіп жатыр. Соның салдарынан балалар өзге білім ордаларына сабылуға мәжбүр. Жұрт бұған дейін шулағанда бұл мектеп жаңа оқу жылына дейін қолданысқа беріледі деген еді жауаптылар.
Одан өзге судың да жиі сөнетінін айтты жиналғандар. Ықшам аудан ішіндегі жаяу жүргіншілер жолы мен тағы бірқатар проблема жылдар бойы шешімін таппай келеді. Биліктегілердің сылдыр сөзінен әбден шаршаған жұрт тым болмаса балаларға жағдай жасалса дейді.