Бақыт Сұлтанов 3 млрд теңге қаржы жұмсалатын жиын жөнінде айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Келесі жылы елімізде Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясын өткізуге 3 млрд теңге қаржы жұмсалатын болды.
Бұдан бұрын Мәжіліс депутаттары мұндай қомақты қаражатты орынсыз шығын деп сынаған еді. Алайда, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бұл ақшаның сыртқа кетпейтінін тілге тиек етіп отыр.
Келесі жылы бізді ауқымды іс-шара күтіп тұр. Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясы өтеді. Бұл тұңғыш рет Қазақстанда, яғни Нұр-Сұлтан қаласында өткізілмекші. Бұл – Дүниежүзілік сауда ұймының жоғарғы органы. Қазақстан жақында ДСҰ-ға мүше болған ең жас мемлекет. Мұндай ірі шара үлкен жауапкершілікті талап етеді, - деп бастады өз сөзін министр.
Ол ДСҰ-ға мүше 160 мемлекеттен өкілдер мен 20 елден бақылаушылар Қазақстанға келетінін айтты.
Тәжірибе көрсеткендей, тек әр елдің сауда министрлері ғана емес, көптеген трансұлттық корпорацияның басшысы мен өкілі қатысады. Сондай-ақ, бұл конференциядан пайда табуға мүдделі бизнес қауымдастық та арнайы келеді. Бұл орайда "халықаралық конференцияға мемлекет қанша қаражат жұмсайды?" деген Сіздердің сұрақтарыңызды алдын орап бірден жауап бергім келеді. Бұл шараға шамамен 3 млрд теңге жұмсалады. Бірақ бұл ақша Қазақстанда қалатын қаражат, - деп мәлімдеді ведомство басшысы.
Министрдің мәлімдеуінше, жиынға қатысатын шетелдіктер өз шығындары үшін 15 млрд теңге сомасындағы қаржыны ел аумағында қалдырады.
Бұл 3 млрд теңгеден басқа тағы 15 млрд теңге сомасындағы қаржыны біздің елге келетін шетелдік өкілдер жұмсайтын болады деп жоспарлап отырмыз. Келген қонақтар өздерінің жүріп-тұруына, көрсетілетін сервистік қызмет түрлері мен сауда қаржы қалдырады. Алдын ала есептеп көрген едік, жергілікті бюджетке шамамен 240-250 млн теңге түседі, - деп мәлімдеді Сұлтанов.
Бұдан басқа, келесі бір маңызды шара – "Дубай" халықаралық көрмесі. Сауда министрі бұл көрме елдің мүмкіндіктерін шетелдік инвесторлар мен бизнес қауымдастыққа паш етіп көрсете алатын алаң деген пікірін білдірді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алимент төлемеген 16 әкенің автокөлігі тәркіленді
Өзгелердің жаңалығы