3 млн адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Елдегі эпидемиологиялық жағдай аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында "СҚ-Фармация" басқарма төрағасы Берік Шәріп мәлімдеді.
"СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибюторы - елімізге келетін гуманитарлық көмекті қабылдаушы бірыңғай компания. Қазір біз, АҚШ, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония, БАЭ елдерінен гуманитарлық көмек қабылдадық. Көмек көбінесе термометр, пирометр, медициналық маскалар, бірреттік қорғаныш киімдері түрінде келуде. Жекелей айтар болсам, 42 450 дана бірреттік қорғаныш киімдерін қабылдап, еліміздегі барлық медициналық мекемелерге жеткіздік. Маскалар бойынша 320 мың маска бүкіл мемлекеттік мекемелерге гуманитарлық көмек ретінде таратылды,-деді ол.
Басқарма төрағасының айтуынша, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын жүргізу мақсатында қосымша медициналық нысанды бұйымдар да үздіксіз жеткізіліп жатыр.
Оның ішінде тағы маскалар, бірінші типте қолданылатын костюмдер бар. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тағы төртінші резерв қаражаты бөлінді. Біз сатып алу шараларын өткізіп, медициналық нысанды бұйымдарды барлық медициналық ұйымдарға толығымен жеткізіп береміз,-деді Берік Шәріпұлы.
"СҚ-Фармация" амбулаторлық деңгейде еліміздің 3 миллион азаматын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.
Науқастың қандай дертпен ауыратынына қарамастан, дәрі тапшылығын болдырмауға тырысамыз,-дейді Берік Шәріп.