3 бала ауладағы көлікті өртеп жіберген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде бір үйдің үш баласы көршісінің көлігін ойнап жүріп өртеп жіберген, деп жазды inbusiness.kz.

Қаладағы «Спецавтобаза-2» саяжай ұжымында «Газель» борттық автокөлігі өртеніп, оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметі тілсіз жаудың жайылып кетуіне жол бермей, ауыздықтап үлгерді.

Белгілі болғандай, көлікті 5, 6 және 7 жастағы балалар өртеп жіберіпті. Олар алдымен ойнап жүріп, орындықтағы «губка» материалына сіріңке тұтатқан. Кейін от өршіп кетіп, көлік түгелдей жанып кетеді.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты кәмелетке толмаған балалардың ата-анасы жауапкершілікке тартылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы