3 500-ге жуық медицина маманы жалақысы жоғары мемлекеттерге көшіп кетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы үш жылда Қазақстаннан 3 500-ге жуық медицина маманы жалақысы жоғары мемлекеттерге көшіп кеткен. Бұл туралы сенатор Нариман Төреғалиев айтты.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 262 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Мемлекет тарапынан медицина қызметкерлерін көтермелеу мақсатында біраз жұмыстың жасалуына қарамастан медицина мамандарының өткір тапшылығы бар. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сүйенсек, әлі де 4500-ге жуық медицина кадрлары жетіспейді. Сонымен қатар кадрлардың жетіспеушілігіне көші-қон мәселесі де кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы соңғы үш жылда 3 500-ге жуық медицина маманы жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктері жоғарғы мемлекеттерге қоныс аударған,- дейді депутат.
Ол «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдап, қысқа мерзім ішінде білім беру саласындағы күрделі жағдайды түбегейлі өзгерте алдық деп санайды. Сондықтан медицина қызметкерлеріне қатысты осындай шараларды қабылдайтын болсақ, қысқа мерзімде жағдайды түзеуге болады деп отыр.
Бұл үшін Үкімет медициналық қызметкерлер үшін жоғары әлеуметтік мәртебе мен кепілдіктерді заңнамалық және нақты түрде айқындауы қажет.
Сондай-ақ, осы игі мамандықтың үздік өкілдеріне «Қазақстанның құрметті дәрігері» атағын беру әділетті болар еді. Біздің ойымызша, осы маңызды саланың дәрігерден бастап санитарға дейінгі қызметкерлерін, ұзақ мерзімді қолдау шараларын қабылдауға уақыт келді. Сондықтан Үкімет аталған мәселені алдағы уақытта пысықтап, өзінің күн тәртібіне енгізе отырып бақылауға алады деп есептейміз, - деді Нариман Төреғалиев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы