3-5 жылда баспана тағы қымбаттайды – сарапшы
Қазіргі таңда нарықта бағаның күрт төмендеуіне немесе түбегейлі өзгеруіне себеп жоқ.
Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстандағы жылжымайтын мүлік бағасына қатысты болжамын айтты. Оның сөзінше, алдағы 3-5 жыл ішінде елдегі баспана бағасы тағы бір рет айтарлықтай өсуі мүмкін.
"Жылжымайтын мүлік бағасын дұрыс салыстыру керек"
Лукьяненко тұрғын үй бағасына қатысты ақпаратты бағалағанда қандай көрсеткішпен салыстырып отырғанын түсіну маңызды екенін айтты. Сарапшы мәмілелер саны мен баспана бағасы екі түрлі көрсеткіш екенін түсіндірді.
Мәмілелер саны белгілі бір уақыт аралығымен есептеледі. Мысалы, бір айдағы сатылымды келесі аймен салыстыруға болады. Ал жылжымайтын мүлік бағасы – белгілі бір сәттегі көрсеткіш, – деді ол.
Мысал ретінде сарапшы доллар бағамын келтірді.
Егер бүгінгі доллар бағамын бір апта бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ – бір нәтиже шығады, ал бір жыл бұрынғы бағамен салыстырсақ – мүлде басқа көрсеткіш болады. Сондықтан “баға өсіп жатыр ма, әлде түсіп жатыр ма?” дегенде нақты қандай кезең салыстырылып отырғанын түсіну қажет, – деді Лукьяненко.
Баспана бағасы инфляцияға тәуелді болады
Сарапшының айтуынша, жақын жылдары жылжымайтын мүлік нарығы инфляция деңгейіне тікелей байланысты болады.
Жылжымайтын мүлік те – тауар. Егер басқа тауарлар мен қызметтердің бағасы өссе, шаршы метрдің бағасы да сол бағытта өзгереді, – деді ол.
Лукьяненко қазіргі таңда нарықта бағаның күрт төмендеуіне немесе түбегейлі өзгеруіне себеп болатын жайттар жоғын айтты.
Мемлекет нарыққа әсер етіп отыр
Сарапшы баспана бағасына мемлекеттік қолдау шаралары да әсер ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, құрылыс компанияларына қойылатын талаптарды күшейту немесе жеңілдету, рұқсат құжаттарын беру тәртібі, ипотекалық бағдарламалар – мұның бәрі нарықтағы бағаға ықпал етеді.
Қазір мемлекет тарапынан негізгі қолдау бастапқы нарыққа, яғни құрылыс компанияларына бағытталған.
Екінші деңгейлі нарықта негізінен тек нарықтық ипотекалық бағдарламалар жұмыс істейді. Сондықтан қайталама тұрғын үй нарығында өсім баяуырақ байқалады, – деді Лукьяненко.
"Баспана – әрдайым қымбат актив"
Сарапшы жылжымайтын мүлік барлық уақытта адамдар үшін ең сенімді активтердің бірі болып қала беретінін айтты.
Баспана әрқашан ақшаны сақтайтын әрі көбейтетін актив болды. Ең бастысы – бұл адамның баспанасы, өмір сүруге қажетті нәрсе, – деді ол.
Халық санының өсуі бағаға әсер етеді
Нина Лукьяненко алдағы жылдары тұрғын үй бағасының өсуіне демографиялық факторлар да әсер ететінін айтты.
Ол халық санының артуын, көші-қон процесін, туу көрсеткішін және 2008-2009 жылдардағы бэби-бум кезінде туған балалардың қазір есейіп жатқанын мысалға келтірді.
Соңғы демографиялық тенденцияларды ескерсек, алдағы 3-5 жыл ішінде Қазақстандағы жылжымайтын мүлік бағасы тағы бір өсу кезеңін бастан өткереді, – деп қорытындылады сарапшы.