2GIS қазақшасы: «Бәрі қазақтілді қолданушыға байланысты»
2GIS қосымшасының қазақ тіліндегі нұсқасы тестілеуден өтіп жатыр. Пайдаланушылар қосымшадан қандай да қателік көрсе, кері байланыс жасай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2GIS жүйесіне жиі қойылатын сұрақтың бірі «қашан қазақ тілінде қолданамыз?» . Қазіргі таңда арнайы тестілеу басталып кетті.
Тестілеу қашан аяқталады?
«Тестілеу кезеңінің аяқталу уақыты көбіне пайдаланушылардың кері байланысына қатысты болмақ. Біз қазақ тіліндегі картаны пайдаланатын кез келген адамды өз әсері мен пікірлерімен бөлісуге шақырамыз. Сонымен бірге 2GIS жүйесіндегі «Қате туралы хабарлау» нысаны арқылы келетін сұраулар мен хабарламаларды мұқият талдаймыз. Тестілеуге біздің еліміздегі қызметкерлер де қатыса алады. Соның негізінде аударманы жетілдіріп, толықтырамыз. Уақыт өте келе біз қызметтегі бүкіл бөлімдер мен материалдарды аударамыз. Қазіргі таңда ауқымды жұмыс істедік, дегенмен бұл тек бірінші қадам, - деп жауап берді 2GIS баспасөз қызметі.
Бұған дейін 2GIS қазақ тіліне аударылған карталар мен ұйымдардың анықтамалығын тестілеу режимінде іске қосқанын жазған едік.
Жұмыс басында анықтамалық құрылымын аударуға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары көмектесті, кейін деректерді егжей-тегжейлі пысықтауға біз компаниядан тыс басқа кәсіби аудармашыларды қостық, - дейді 2GIS-тің Анықтамалық-картографиялық өндіріс жөніндегі директоры Елена Толкачева.