2,9 млрд теңге берешек: Семей халқы биыл жылусыз қалуы мүмкін

Бұл туралы Абай облысынан Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Депутат жаңа облыс халінің мүшкілдігін қаражаттың жоқтығымен байланыстырды. Айтуынша, тиісті қаражат бөлінбесе, семейліктер қыста жылусыз қалуы әбден мүмкін. 

Мемлекет басшысы биыл құрылған Абай облысына сапары барысында қаланың жылыту жүйесінің әбден тозғанына байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Менің депутаттық сауалыма Абай облысындағы өзекті мәселелер арқау болды. Әлеуметтік маңызы бар  нысандарға бюджетті қарастыруға қатысты мәселе бар. Қаланы жылумен жабдықтайтын жылу-коммунэнергия саласы тарифтік тапшылықтың себебінен шығыны көп. Көмір сатып алуға өздерінің қаражаттары жоқ. Бұл жылыту маусымындағы кедергілерді тудырып отыр, - деп атап өтті сенатор Сенат отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында. . 

Айтуынша, қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін қомақты қаржы керек. Егер тиісті қаражат бөлінбесе, қала халқы қысты жылусыз қарсы алу қаупі бар.

Семей қаласы туралы ғана айтып отырмын. Қазіргі таңда жылу-коммунэнергияның кредиттік берешегі 2,9 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде, 318 млн теңге жұмысшылардың еңбекақысы бойынша қарызды құрайды. Үкімет резервінен 1,4 млрд теңге қаржы бөлуді сұраймын, - деді Айнұр Арғынбекова. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы