28 қыркүйектен бастап Иранға БҰҰ санкциялары қайта енгізілуі мүмкін
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қарсы санкцияларды алып тастау жөніндегі қарарды қабылдай алмады. Құжатты Кеңестің төрағасы – Оңтүстік Корея ұсынып, ол 9 елдің қолдауын жинай алмай, қажетті дауысқа жетпеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Нәтижесінде 28 қыркүйектен бастап Иранға қарсы БҰҰ санкциялары қайта күшіне енуі мүмкін. Қарарды тек Қытай, Ресей, Пәкістан және Алжир қолдады.
Ресей өкілі Василий Небензя Батыс елдерін «егемен мемлекетке қысым жасады» деп айыптаса, Қытайдың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Фу Конг бұл шешімді «сегіз жылдық дипломатияны жоққа шығару» деп бағалады.
Иран өкілі Амир-Саид Иравани санкцияларды жоюға дауыс берген төрт елге алғыс білдірді. Ал Батыс елдері, керісінше, Тегераннан МАГАТЭ-мен толық ынтымақтастық пен ядролық нысандарға шектеусіз тексеру жүргізуді талап етті.
Франция, Германия және Ұлыбритания бұған дейін «кері қайтару механизмін» іске қосып, Иранға қару-жарақ эмбаргосы мен зымырандық бағдарламасына шектеулерді қайта енгізуді талап еткен.
ЕО бас дипломаты Кай Каллас «дипломатиялық шешімге терезе тез жабылып барады» деп ескертіп, Ираннан нақты қадамдар күтетінін мәлімдеді.
Тегеран өз кезегінде МАГАТЭ-мен ядролық нысандарға қол жеткізу бойынша Египеттің делдалдығымен келісімге келгенін жариялады.
Айта кетейік, 2015 жылғы ядролық келісім (JCPOA) Иранға қарсы санкцияларды жеңілдеткен еді. Алайда АҚШ 2018 жылы Дональд Трамптың шешімімен бұл келісімнен шығып, «максималды қысым» науқанын қайта бастаған болатын.