28 маусым - Құрбан айт мерекесі

Биыл 27 маусым – Арапа күні болса, 28 маусым – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай мәлімдеді.

Құрбан шалудың уақыты 28 маусым күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталса, аяқталуы 30 маусым кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Айт намазы Астана қаласында таңғы сағат 6:00-де басталады.

Аталмыш уақыттан тыс құрбан шалуға, уақытынан ерте және кешігіп те қалуға болмайды. Күнделікті күнкөрісінен бөлек артық дүниесі бар мұсылманның құрбан шалуы міндетті. Егер бір отбасының асыраушысы ер адам ғана болса, оның шалған құрбандығы тұтас отбасының атынан есептеледі. Ал ерінен бөлек әйелінің де табысы, күнкөрісінен тыс артық мөлшерде дүниесі болса, ол да өз атынан құрбан шалуы тиіс, - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай.

Оның айтуынша, құрбандық шалуға ниеттенген кісі малды өзі соя алмаса, арнайы қасапшының көмегіне жүгінуіне болады. Қой мен ешкі бір адамның атынан шалынады. Ал түйе мен қара мал бір адамның атынан да, жеті адамның атынан да сойылса болады. Бірақ жеті адамнан асып кетуге болмайды.

Сондай-ақ биыл елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма ел азаматтарына, әсіресе қала тұрғындарына қолайлы болу үшін құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты. Яғни кез келген адам «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық акциясына қатыса алады.

Дәл қазір қасиетті Зул-Хижжа айында отырмыз. Бұл айда мұсылмандар құрбан шалады, әрі бес парыздың бірі болған қажылығын өтейді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіретімізде қазір қасиетті Меккеде. Елге, жерге, барша мұсылманға өзінің ыстық ықыласы мен сәлемін жолдады. Қажылық парызын өтеп жүрген 4 мың отандасымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз, - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласының Орталық коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы