28 бас жылқыны жоқ қылған - ұрылар бас сауғалап жүр

Атырау облысы Индер ауданына қарасты Көптоғай ауылында 43 бас жылқы қолды болған. Тұрғындар мал ұрлағандардың сытылып кетпей, жазаланғанын қалайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жағдай биыл 24-ақпанда болған. Малмен жан бағып отырған ауылдағы қос азаматтың үйір жылқысын белгісіз біреулер еш сескенбестен айдап әкеткен. Тұрғындардың сөзінше, кейін оны тиеп, мал базарына апарыпты.

Қыстаққа қамап, сол жақтан камазға тиеп алып, бір мәрте қалаға жіберген. 28 бас жылқыны жоқ қылған. Екінші рет апара жатқанда жолда, Махамбет ауданына қарасты аумақта полиция қызметкерлеріне ұсталған. Құжаттарын тексергенде ветеринарлық рұқсат БҚО жазылғаны анықталыпты. Ал тиелген мал Көптоғай ауылынан екені расталды,-дейді шаруалардың бірі Амангелді Бисенов.

Мал иелері сол бойда арыз жазыпты. Бірақ құзырлы орган өкілдері шара қолдануға асыққан жоқ деп ашынады. Тұрғындар мәселені әлеуметтік желіге таратып, резонанс тудырудан басқа амал қалмағанын айтады.

2-3 күн ешқандай қозғалыс болған жоқ. Шу шығарғанда ғана күдіктілерді қамауға алды. Енді қазір 28 бас жылқы табылмай жатыр. 7 малдың терісін мал базарынан таптық. Қалғандары жоқ. Қайда жібергендерін, не істегендерін білмейміз. Полиция қызметкерлеріне айттық, рұқсат құжат беріңдер, базарларды іздеп қарайық өзіміз деп. Себебі жоқ болып кетсе, ұрылар мойындамайды алдағы уақытта. Дереу әрекет етіп, тірідей басқа қалаға кетті ма, сойылды ма анықтау керек қой,-деді Амангелді Бисенов.

Шаруа қожалығының иелері соңғы жылдары мал ұрлығы күрт көбейгенін айтады. Оны үнемі төрт-түлікті түгендегенде байқайтын көрінеді. Есептеріне сәйкес 1-2 бастан жетпей қалады екен.

2022 жылы түйе ұрланды. Ол кезде ешкім жазаланған жоқ. Осы күзде де бір факт болды. Онда да құтылып шықты. Бірақ бұлай жалғастыра беруге болмайды. Жауапқа тартылмаса, ұрлық тыйылмайды. Үйірмен айдап кету деген сұмдық қой. Ауылдағы тұрғындарда жұмыс жоқ. Жалғыз сол малға қарап отыр. Сонда зардап шегіп отыра беру керек па? Шара қолданылсын,-дейді Амангелді Бисенов.

Облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты күдікке 45 жастағы тұрғынның іліккенін айтады. Қазір тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Махамбет ауданы аумағында орын алған мал ұрлығы қылмысының тергелуі Атырау облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында екендігін хабарлаймыз. Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде Махамбет ауданы аумағында 28 бас жылқы малын ұрлады деген күдікпен 45 жастағы күдікті ұстап, қамауға алды. Қазіргі таңда ірі көлемде мал ұрлығы дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмысқа қатысты барлық деректер мен мән-жайлар тексерілуде, айғақ заттар тәркіленді. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды,-дейді Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Абай Жұмабаев.

Бейресми дерекке сәйкес үйір жылқыны ұрлаған азаматтың өзі Махамбет ауданынан. Оның бұған дейін де ұрлықтарға қатысы бар дейді тұрғындар. Енді ондай айласы жүзеге аспас үшін міндетті түрде жазалансын, дейді жұрт. Бірақ мұндай әрекетті жалғыз адамның істегеніне күмәнмен қарайды. Осының бәрі жан-жақты саралансын деп отыр.

Айта кетсек, елде мал ұрлығының жазасы қатаң. Ол бойынша қылмыстық кодексте жеке бап енгізілген. Кінәлі деп танылған адамның мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тараптар татуласып, келісімге келсе де айыпталушы жазадан жалтара алмайды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы