270 сарбаздан айырылдық: Мәжілісте әскердегі әлімжеттік мәселесі көтерілді

Депутат Нартай Сәрсенғалиев ІІМ Ержан Сәденовке әскердегі әлімжеттік пен заңсыздықтарды жою туралы сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы 3 жылда елімізде 270 сарбаздан айырылдық. Мен бұл мәселені былтыр да айтқан едім. Мәселен, биыл көктемде Алматыдан әскерге шақырылған азамат бір апта өтпей қаза тапты. Одан кейін тағы бір сарбаз оқу-жаттығу жиындарында оққа ұшты. Тағы бір азамат жұмбақ жағдайда қаза тапты. Әлеуметтік желілерде сол сарбаздың денесін үйіне апарған кезде оның анасы әскери қызметкерлердің жағасынан алып, дөрекілік танытқаны көрсетілді. Баламды "тауып бер" деп зар жылап тұр. Енді бүгін талқыланып жатқан "Құқықбұзушылық профилактикасы туралы" заң осы мәселені шешуге көмектесе ала ма деп қарастырсақ. 17-бапта әскери басқару органдарының құзыреттері туралы жазылған, - деді ол.

Бірақ аталған Заң жобасында әскердегі әлімжеттік мәселесіне қатысты ешқандай жаңалық жоқ. Онда бұрынғыдай "әскерлер арасында тәрбиелік, идеологиялық жұмыстар жүргізу, құқықбұзушылық анықталса, әскери полицияға хабарлау, профилактикалық шаралар қабылдау" деп жазылған.

Бұл бұрыннан бар нәрсе. Бірақ біз жылдар бойы әскердегі заңсыздықтардың жойылмағанына көз жеткіздік. Сондықтан менің сұрағым: осы әскердегі заңсыздықтар мен әлімжеттікке қарсы нақты тетіктер бар ма? Бұл мәселені түбегейлі шешуге арналған профилактикалық механизмдер қарастырылды ма, әлде тағы да сол 17-баптағы стандартты ережелермен шектелеміз бе?, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Министрдің айтуынша, қайғылы оқиғалардың болуы профилактиканың жоқтығынан емес.

Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Барлық ұсыныстарды қарап, талқылап, депутаттардың қатысуымен нақты ұсыныстар енгіздік. Егер тағы да қосымша ұсыныстар болса, біз оларды да қарауға дайынбыз. Жалпы, әскер арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту бағытындағы шаралар ескерілген. Егер бұл шаралар дұрыс жүзеге асырылса, мұндай келеңсіз жағдайлар қайталанбайды деп ойлаймын, - деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы