2637 медицина қызметкері марапатталды

Биылғы жылы кәсіби мереке құрметіне 2637 медицина қызметкері ведомстволық наградалармен марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Салтанатты марапаттау рәсіміне сала ардагерлері, бұрынғы денсаулық сақтау министрлері, қоғамдық кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері шақырылды.

Биылғы жылы кәсіби қызметіндегі айрықша еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалін 250 медицина қызметкері алды, Денсаулық сақтау саласының 596 өкілі «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін 614 медицина қызметкері алды, 600 қызметкерге құрмет грамоталары табысталды және 577 дәрігер алғыс хаттар алды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық медициналық қауымдастығын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз. Жақында қабылданған арнайы заң – осының айқын дәлелі. Сондай-ақ елімізде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі. Сіздер «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдары мен құндылықтарын берік ұстанып, кәсіби біліктілік пен антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Қоғамның игілігі жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін!,- делінген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да медицина қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады.

Күн сайын перзентханаларда, жедел жәрдемде және операциялық үстелде медицина қызметкерлері адамдардың өмірі үшін үлкен жауапкершілік алады. Күн сайын мыңдаған шақыртулар, емдеуге жатқызу және емханаларда науқастарды қабылдау, сәтті босандыру және күрделі операциялар жүргізіліп жатады. Бұл біздің медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз медициналық персоналдың ыңғайлы жұмыс істеуі үшін жағдай жасаймыз, еңбекақыны жақсартамыз, бұл медициналық көмектің сапасын арттырады. Дәрігердің еңбегі барған сайын құрметке ие болуда және біз қазақстандық медицинаның жетістіктерін мақтан тұтамыз,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне.

Бүгінгі таңда мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 270 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы