2,6 трлн теңге. «Жайлы мектеп» жобасына қанша ақша жұмсалатыны белгілі болды
Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов қордың қоғамдық кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жаңа мектептердің құрылысы кезінде сатып алудың ашықтығы қамтамасыз етіледі. 2025 дейін елдің аймағында 401 жаңа мектеп ашылады.
«Жайлы мектеп» жобасын іске асырудың үш тәсілі бар. Бірінші – бюджет тарапынан қаржыландыру, екінші – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен үшіншісі – ұйым немесе бизнес өз учаскесінде тұрғызылған мектепті мемлекетке сата алады. Қазіргі сәтте біз бюджеттік инвест-жобалар арқылы іске асырудамыз, - деп атап өтті басқарма басшысы жобаны талқылауға арналған жиында.
Сондай-ақ қазынадан қанша қаржы бөлінетіні белгілі болды
500 млрд теңге – республикалық бюджеттен бөлінеді. Қалған 1 трлн 100 млрд теңге – Ұлттық қордан беріледі. Жобаның жалпы сомасы – 2,6 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде оқу ордасының құрылысына 2,4 трлн теңге жұмсалады. 200 млрд теңге – тұрғызылған мектептерді күтіп-ұстауға бағытталады, - деп түсіндірілді Мәулен Айманбетов.
«Жайлы мектеп» жобасы бойынша үш жыл ішінде 401 мектеп салу жоспарланған. Жаңа білім ордалары апатты, үшауысымды мектептердің проблемасын жояды деп күтілуде.