26 қаңтардан бастап "Қызылорда –Арал" жолы ақылы болады
26 қаңтардан бастап "Қызылорда – Арал" жолы ақылы болады, деп хабарлайды BAQ.KZ "ҚазАвтоЖол"-ға сілтеме жасап.
Елдің Көлік министрлігінің 2025 жылғы 9 қаңтардағы №6 бұйрығына сәйкес, Қызылорда мен Аралды байланыстыратын автожол автобус пен жүк көліктері үшін ақылы болады. Дәлірек айтқанда, ІІ техникалық санаттағы ұзындығы 454 шақырым жол учаскесі ақы алу жүйесіне 2025 жылғы 26 қаңтардан бастап іске қосылады.
Республикалық маңызы бар "РФ шекарасы (Самара)-Шымкент" автожолының "Қызылорда-Арал" учаскесінде 6 бақылау арка және клиенттермен жұмыс істейтін орталық бар. Аркаларда орнатылған камералар ақылы учаскелерде автомобильдердің қозғалысын, олардың жылдамдығы мен қарқындылығын, жолдағы жағдайды және т. б. тіркейді. Сонымен қатар учаскедегі жағдайды kaztoll.kz сайтындағы "Онлайн трансляция" бөлімінде көруге болады, – деп жазылған хабарламада.
Автожолда төлем бекеттері болмайды, оның орнына ыңғайлы "ашық" төлем жүйесі қолданылады. Шлагбаумдар мен өткізу пункттері қойылмағандықтан кептелістер болмайды. Жол жүру төлемі қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Пайдаланушылардың қолайлығы үшін төлем жасаудың 10-ға жуық әдісі бар: интернет-банкингтер, төлем терминалдары мен электрондық әмияндар, ұялы телефон балансынан, Е100 жанармай картасы арқылы, және заңды тұлғалармен келісім шарт жасау.
Бір бағыттағы (454 шақырым) төлем мөлшері:
16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 т. дейін жүк автомобильдері үшін алдын-ала төлем – 2 840 теңге, кейінгі төлем – 3 330 теңге;
32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 т. дейін жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем – 5 750 теңге, кейінгі төлем – 6 740 теңге;
32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 т. дейін автопоездар үшін алдын ала төлем – 8 570 теңге, кейінгі төлем – 10 100 теңге;
жүк көтергіштігі 10 т. жоғары және 15 т. дейінгі жүк автомобильдері үшін алдынала төлем – 11 470 теңге, кейінгі төлем – 13 470 теңге;
жүк көтергіштігі 15 т. жоғары жүк автомобильдері, оның ішінде тіркелгіш және ершікті тартқыштар үшін алдын ала төлем – 14 290 теңге, кейінгі төлем – 16 830 теңге.
Сонымен қатар, жеңіл көлік иелері Қызылорда –Арал жолын тегін пайдаланады. Жергілікті тұрғындар үшін бір айлық және бір жылдық абонемент қарастырылған.