26 млн теңге ақша жымқырған алаяқ ұсталды
Жедел іздестіру іс шаралары барысында "Сарыарқа" ауданы ПБ қызметкерлері алаяқтық жасаған 37 жастағы әйел адамды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Күдікті мемлекеттік бағдарлама арқылы аз пайызбен несие беретінін айтып, таныстарын алдаған. Ол өз әрекетін мемлекеттік қолдау арқылы қаржылық көмек алу мүмкіндігі туралы жалған ақпарат тарату арқылы жүзеге асырған.
Әйел азаматтарды сендіру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін несиелер жайлы мәліметтерді бұрмалап, оларды өз пайдасына жаратуды көздеген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 26 млн 500 мың теңге.
Дәл осындай іске қатысты 5 эпизоды бар екені белгілі болды.
Ұсталған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қарастырылуда. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаның жалған ақпарат арқылы бұрмалануы азаматтардың қаржылық мүдделеріне нұқсан келтіріп, қоғамға қауіп төндіруі мүмкін. Осы жағдайды құқық қорғау органдары қатаң бақылауға алған, - деп жазды Астана қаласы ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, басқа да осындай алаяқтық әрекеттердің жолын кесу мақсатында шаралар қабылдануда.