255 қылмыстық іс сотқа жолданды – Әділов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Әділов Санжар Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Жедел және сапалы тергеудің нәтижесінде ішкі істер органдарының тергеушілері 402 айыпталушыға қатысты 255 қылмыстық істі айыптау актісімен аяқтап, сотқа жолдады. Осындай істердің көпшілігі Алматы қаласының еншісінде – 183, Алматы облысы бойынша 46 және Көліктегі полиция департаменті бойынша 10 қылмыстық іс, - деді Әділов.
Оның айтуынша, осы істер бойынша жәбірленушілерге келтірген шығынның орнын толтыру шамамен 95 миллион теңге.
Бұл сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында полиция қызметкерлерінің ұрланған мүлікті табуы және алып қоюы, сондай-ақ жасаған істерінің салдарын ұғынған айыпталушылардың залалдың орнын толтыруы есебінен қамтамасыз етілді, - деді Санжар Әділов.
Ол келтірілген шығын көлемін атап өтті.
Полиция қызметкерлері қабылдаған шаралардың негізінде Алматы қаласы бойынша 65 млн-нан астам теңгеге, Алматы облысы бойынша 16 млн теңгеге, Жамбыл облысы бойынша 3 млн-нан астам теңгеге келтірілген зардаптың орны толтырылды, көліктегі полицейлер 10 млн-нан астам теңгеге шығынның өтелуіне қол жеткізді.