"254 мың теңге": Студенттердің шәкіртақысы өсе ме?
Қазақстанда шәкіртақыны қайта арттыру мәселесі талқыланып жатыр.
Қазақстанда шәкіртақыны арттыру мәселесі қаралып жатыр, алайда түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, соңғы 5 жылда ведомство шәкіртақы мөлшерін кезең-кезеңімен, жыл сайын 20-25% аралығында арттырып келген. 2025 жылы осы бағдарлама аяқталған.
Қазір қайта бастау мәселесі бойынша кеңесеміз. Келесі бесжылдық кезеңде де шәкіртақыны арттыруды жалғастыруды қарастырамыз. Бірақ бұл шешім әлі қабылданған жоқ, – дейді министр.
Оның сөзінше, шәкіртақының ең жоғары өсімі докторанттарға қатысты болған. Қазіргі таңда PhD докторанттары ай сайын шамамен 254 мың теңге алады және бұл соманы алдағы уақытта кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ ол бұған дейін педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы едәуір арттырылғанын еске салды.
Оқу ақысына қатысты министр мемлекеттік жоғары оқу орындарында оның деңгейі реттеліп, бақылауда екенін айтты. Оның сөзінше, оқу ақысына инфляцияға байланысты тек шектеулі мөлшерде, 10%-ға дейін ғана түзету енгізілуі мүмкін.
Осыған байланысты биыл да оқу ақысының күрт өсуіне жол бермеу жоспарланып отыр. Министр жоғары оқу орындарымен консультациялар жүргізіліп, бағаның негізсіз қымбаттауына жол берілмейтінін атап өтті.