250 жобаға 1 млн теңгеден грант берілмек
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Zhas project шағын грант беру байқауына өтінімдер қабылдайды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжаттарды қабылдау мерзімі биылғы 10 тамызға дейін. Жоба Үкіметтің 2022 жылға арналған бағдарламасы шеңберінде Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске асырылуда, - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Қайрат Баймульдинов.
Сондай-ақ ол барлығы 250 жобаға қолдау көрсету көзделгенін атап өтті. Бір адамға арналған грант сомасы – 1 млн теңге.
Ал Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Құрман орталықтың Zhasproject жобасын іске асыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың арасында 4 байқау өткізілгенін айтты.
Байқау нәтижесінде Алматы облысында Zhasproject жобасын үйлестіруші болып «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі, Қарағанды облысында «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымы, Маңғыстау облысында «Түпқараған жастары», Түркістан облысында «Қазақстан жастар конгресі» анықталды, - деді ол.
Сонымен қатар, Ғалым Құрман жобаның биылғы басты ерекшелігі грантты ақшалай қолға берілмейтіні екенін мәлімдеді.
Байқауға қатысуға өз әлеуетін, өмірлік маңызды дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, бастамашыл идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі 18 бен 28 жас аралығындағы (қоса алғанда) жастар шақырылады. Жобада ерекше басымдық осал топтар санатына жататын жастарға беріледі: тіркелген жұмыссыз мәртебесі бар жастар; аз қамтылған отбасыларда тұратын, жетім балалар мен мүгедектер; мүгедек балатәрбиелеп отырған ата-аналар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар.