Бүгiн 2026, 16:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Әскерилердің зейнетақы алу шарттары өзгерді

Сенат тиісті заңды мақұлдады.

Сенат депутаттары Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының қызметіне қатысты заңға енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Түзетулер аясында еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу шарттары нақтыланады. Атап айтқанда, кемінде 25 жыл еңбек өтілі бар және қызметте болудың шекті жасына жетуіне байланысты жұмыстан босатылған әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің зейнетақы төлемдерін алу құқығы сақталады.

Сондай-ақ күштік құрылымдар арасындағы ауысу тәртібі жеңілдетіледі. Түзетулерге сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызмет өтілін үзбей арнаулы мемлекеттік органдарға немесе Қарулы күштер қатарына ауыса алады. Бұл норма кері бағытта да қолданылады.

Бұдан бөлек, шетелде қызмет атқаратын қызметкерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер күшейтіледі.

Шетелдік ұйымдарға жіберілген арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері дипломатиялық қызметкерлермен бірдей шарттар бойынша қамтамасыз етіледі. Бұл олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету мәселелерін де қамтиды.

Сонымен қатар мемлекеттік құпияларды қорғау шаралары күшейтіліп, ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу кезінде берілетін жеңілдіктер кеңейтіледі. Ұпай саны тең болған жағдайда жетім балаларға, қызмет ардагерлерінің балаларына, «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және талапкерлердің өзге де санаттарына басымдық беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін сотталған аналар мен әкелерге жеңілдік берілетіні айтылды.