16 Шілде 2026, 13:20 Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

25 тамыздан бастап Қазақстанда самокатпен тротуарда жүруге толық тыйым салынады

Кәмелетке толмағандардың самокат басқаруына да жол берілмейді.

25 тамыздан бастап Қазақстанда электрсамокатпен тротуарда жүруге толық тыйым салынады. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жаңа нормаға сәйкес жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға 25 тамызға дейін тротуарда самокатпен жүруге рұқсат берілген. Алайда аталған күннен кейін бұл мүмкіндік жойылады.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың самокат басқаруына да жол берілмейді.

Полиция өкілінің сөзінше, мұндай шешім қауіпсіздікті күшейту мақсатында қабылданған. Себебі самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі дәл тротуарда тіркеледі.

Әйел мен балаларды қағып кеткен жағдайлар болды. Сондай-ақ самокатпен келе жатқан жігіт пен қыз жол апатына ұшырап, салдарынан қыз өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақат алып, көз жұмды. Сондықтан бұл ең алдымен қауіпсіздік мәселесі. Біз самокат мінетіндердің ғана емес, олардың айналасындағы адамдардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек, – деді Салтанат Әзірбек.

Полиция мәліметінше, биыл жыл басынан бері Алматыда электрсамокаттардың қатысуымен 83 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Адам өлімі болған жоқ, алайда 89 адам түрлі дене жарақатын алған.

Салтанат Әзірбек өткен жылмен салыстырғанда апаттар саны азайғанымен, бұл арқаны кеңге салуға негіз болмайтынын атап өтті.

Полиция, жергілікті атқарушы органдар және қоғам болып, самокатты қауіпсіз, жайлы әрі мәдениетті түрде пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Бұл дамыған елдердегідей қалыпты тәжірибеге айналуы тиіс, – деді ол.

Сондай-ақ полиция өкілі тұрғындарды жаңа талап күшіне енбей тұрып-ақ тротуарда жүруден бас тартуға шақырды.

Қазірдің өзінде тротуарда жүрмеуге дағдылану керек. Сондай-ақ 18 жасқа толмағандардың самокат басқаруына жол бермеу қажет. Өкінішке қарай, тәжірибеде ата-аналар немесе ересек аға-әпкелері өз аккаунттарын кәмелетке толмаған туыстарына беретін жағдайлар кездеседі. Олар сол аккаунт арқылы самокатты жалға алып, төлемді өздерінің банк картасымен жасай береді, – деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер мен кикшеринг компаниялары жасөспірімдердің банк картасы арқылы самокатты жалға алуына тосқауыл қоятын жүйені енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Болашақта жүйе төлем жасаушының кәмелетке толмағанын автоматты түрде анықтап, қызметті пайдалануға мүмкіндік бермейтін болады.

Оқи отырыңыз: 

Самокат мінгендер бақылауға алынады: 1 шілдеден бастап не өзгереді?