25 қазанда ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істемейді
Қазақстанда 25 қазанда ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істемейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республика күнін мерекелеуге байланысты мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарымен бірге Халыққа қызмет көрсету орталықтары да 25 қазанда азаматтарды қабылдамайды. ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар 26 қазанда жұмысын қайта жалғастырады, деп хабарлайды Азаматтарға арналған үкімет.
Айта кетсек, әдеттегі кесте бойынша олар азаматтарды жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылдайды. Кезекші орталықтар жұмыс күндері сағат 20:00-ге дейін, сенбі күні сағат 13:00-ге дейін жұмыс істейді.
2022 жылы 16 маусымда Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. 22 қыркүйекте ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар 25 қазан – Республика күнін мемлекеттік мерекелер қатарына қосуды қарастыратын заң жобасына кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша түзетулер енгізді. 2022 жылы 25 қазанда 13 жылдық үзілістен кейін алғаш рет қазақстандықтар мемлекеттік мереке – Республика күнін атап өтті.