25 мыңнан астам полицей қоғамдық тәртіпті қадағалайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдай кезеңінде ішкі істер органдары қызметті ерекше тәртіппен атқарып жатыр.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 25 мыңнан астам полицей мен Ұлттық ұланның 5 мың әскери қызметшісі жұмыс атқарады. 729 аса маңызды мемлекеттік және 235 стратегиялық объектілерді күзету күшейтілді.

Мемлекеттік комиссия мен әкімдіктердің шешімдеріне сәйкес аймақтарда 298 блок-бекет қойылды, оларға 7 мыңнан астам полиция және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тартылған.Сонымен қатар, қалалар мен қала сыртындағы жолдарда 299 санитарлық бекет қойылған, онда 2 мың полиция қызметкері дәрігерлермен медициналық-профилактикалық бақылауды жүзеге асырады – дейді Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі.

Елді мекендерде құқықтық тәртіпті сақтау қамтамасыз етілуде.

Полиция мен Ұлттық ұлан жасақтарының саны мен тығыздығы артты. Көшелер, саябақтар, скверлер, тұрғын үй ауласы, сауда нысандары және банктер бақылануда.

Профилактикалық жұмыстарға волонтерлер белсенді түрде тартылады. Рейдтерге арнайы униформамен жабдықталған және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген 1 мыңнан астам ерікті қатысады.

Қабылданған шаралар нәтижесінде еліміз бойынша қылмыстылық 25%-ға, астанада – 34%-ға, ал Алматыда – 35%-ға төмендеді. Қарақшылық саны 45%-ға, тонау – 38%-ға, ұрлық – 40%-ға, бұзақылық – 32%-ға қысқарды. Көшелерде жасалған қылмыс саны 24%-ға, басқа да қоғамдық орындарда - 22%-ға азайды.

Денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп карантиндік іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Елді мекендерде 220 карантиндік объектілер күзетіледі.

Ауру жұқтырған орындарды оқшаулау бойынша арнайы іс-шаралар жүргізілуде. 104 объекті қоршалды – бұл үйлер, кіреберістер, жатақханалар, жеке тұрғын үйлер.

Ауру күдігі бар азаматтар іздестіріліп, медициналық мекемелерге жеткізілуде.  Денсаулық сақтау органдарының сұраулары бойынша 5068 адам табылды.

Заң бұзушыларға қатаң шаралар қабылдануда.  Карантиндік аймақтардың шекарасын кесіп өтуге әрекет жасағаны үшін 457 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.

Төтенше жағдай режимін сақтамаудың 4 мыңға жуық фактісі анықталды. Жалған ақпарат таратудың 79 фактісі анықталды.

Сонымен қатар, төтенше жағдай кезеңінде жеке қорғаныс құралдарын заңсыз сатуға жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. 2 млн. медициналық масканы, 12 мың литр дезинфекциялық өнімді және 4 мың қорғаныс костюмдерін жоғары бағамен сатудың 28 фактісі анықталды.

Жеке құрамның денсаулығын сақтау және қорғауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Барлық бөлімшелерде медициналық-профилактикалық бақылау ұйымдастырылды.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің тігін цехтарында маскалар өндірісі іске қосылды, Бүгінде 1 млн. дана дайындалды. Бұдан басқа, карантиндік  іс-шараларға қатысатын жеке құрам үшін арнайы костюмдер тігу өндірісі басталды. 599 жиынтық тігілді.

Аталған шаралар біздің қызметкерлерімізді қорғау құралдарымен толықтай қамтамасыз етуге, сондай-ақ сотталғандарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді.

Президенттің Жарлығына сәйкес коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі іс-шараларға тартылған ішкі істер және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен ІІМ медициналық мекемелерінің медицина қызметкерлері бір айлық жалақы мөлшерінде ақшалай сыйақылармен ынталандырылатын болады. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Ішкі істер органдары елімізегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы