25 млн теңгенің сөмкесі, 7 млн теңгенің сағаты: Перизат Қайраттың тағы қандай мүлкі тәркіленді
Бүгін волонтер Перизат Қайраттың мүлкіне шектеу қойылғаны белгілі болды. ҚМА Перизат Қайраттың мүлкі қанша тұратынын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өздеріңізге мәлім, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін, сондай-ақ Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында жиналған 1,7 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді.
Бүгін қайырылымдылық қорының басшының мүлкіне ҚМА шектеу қойды. Тәркіленген мүлік арасында бағалы бренд сөмкелер мен қымбат көліктер бар.
Соттың санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау", "Sensata Plaza" ТК, сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік тәркіленді.
Сонымен бірге Mercedes-Benz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдеріне шектеу қойылды.
Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киім, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, сөмкелері табылып, тәркіленді.
Әшекей бұйымдарының өзінің жалпы сомасы 70 млн теңгеге бағаланған. Мысалы, оның қатарында 10 млн теңге тұратын Graff брендінің сырға-алқалары бар.
Оған қоса тәркіленген заттарының арасында бренд сөмкелері жетерлік. Олардың жалпы құны 110 млн теңге.
Бір сөмкесінің құнының өзі 25 млн теңгеге дейін барады. Ал ең арзаны 1 млн теңгеден асады.
ҚМА жариялаған мәліметтерден Перизат Қайраттың сөмкелеріне “P.K” деп жазылғанын байқауға болады. Бұл күдіктінің аты-жөнінің бас әріптері.
Агенттік волонтердің шетелге саяхатқа жиі шығып, қымбат отельдерде мәлімдеді. Ол бұл саяхаттың бәріне бизнес-класспен ұшқан.
ҚМА азаматтарға егер Перизат Қайраттың қаражатының орналасқан жері, жылжымайтын және басқа да мүліктері, оның ішінде үшінші тұлғаларға тіркелген мүліктері туралы ақпарат болса, хабарласуды сұрады.