25 мамыр. Өңірлерде Соңғы қоңырау қалай өтті?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстанның барлық мектебінде Соңғы қоңырау рәсімі екі жылдық карантиннен кейін дәстүрлі түрде өтті. 

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бүгін 170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Оның 8 мыңнан астамы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер.

Шымкент

Ақселеу Сейдімбек атындағы №80 IT мектеп-лицейі Нұрсәт шағынауданында орналасқан. Бүгін мұнда «Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасы өтіп жатыр. 

2006-2007 оқу жылында ашылған білім ордасын педагог-зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Калибекова басқарады.

Мектебімізде барлығы 3200 оқушы бар. Биыл 11-сыныпты 102 түлек бітіреді. Олардың 17-і Үздік аттестатқа, 6-ы «Алтын белгіге» үміткер. Жалпы 2007-2022 жылдар аралығында 124 оқушымыз «Алтын белгі» иегері атанды, – дейді мектеп директоры Сәуле Жантөреқызы. 

Биылғы мектеп түлектері Сымбат Орынбасар мен Жасия Серікқызы  болашақ мамандығын таңдап қойған. 

Ең әуелі 11 жыл білім алып, білім нәрімен сусындатқан мектебімізге алғыс айтамыз. Журналистика  мамандығын таңдағалы отырмын, – дейді Сымбат Орынбасар.

Бүгін – мектеп түлектері  үшін айтулы күн. Алда ҰБТ келе жатыр. Бәріне ҰБТ-да жоғары балл жинап, қалаған мамандығымызға оқуға түсуді тілеймін. Мен қазақ тілі филологиясы бойынша оқып, тіл маманы болуды жоспарлап отырмын, – деді Жасия Серікқызы. 

№80 IT мектеп-лицейінің шәкірттері соңғы 10 жылда халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында көптеген жеңіске жетіпті. Атап айтқанда, Грекия (2 оқушы), Түркияда (2), Румынияда (2), Францияда (4), Баку (9), Санкт-Петербор (12) елдері мен қалаларынан жүлделі оралған. Биылғы мектеп бітіруші түлектер  қатарында республикалық деңгейде бас жүлде алған, ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болған, қала көлеміндегі түрлі олимпиадалар мен   байқауларда жеңіске жеткен оқушылар бар.

Жалпы биыл Шымкент қаласында 242 525 оқушы білім алып жатыр. Оның 11 189-ы мектеп бітіреді. Олардың 453-і «Алтын белгіге» үміткер.

Түркістан облысы 

Түркістан облысында 2021-2022 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептерді 30 049 оқушы бітіреді. Облыс бойынша жалпы 1250 бітіруші «Алтын белгіге», 1923 бітіруші үздік аттестатқа үміткер.  2021 жылы мектеп бітірушілердің 1856-сы «Алтын белгі» иегері атанып, 1369 бітіруші Үздік аттестатпен мектеп бітірді.

29524 бітірушілердің 22520-ы (75,7%) Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға ниет білдіріп отыр.

ҰБТ цифрлық форматқа өткізіліп, жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігі берілді және облыста 4 аудан, қала (Түркістан, Сарыағаш, Жетісай, Созақ) орталығында орналасқан «USTUDY» тестілеу орталықтарында компьютерлік форматта өткізіледі.

Мемлекеттік грантқа түсу үшін тест тапсыру мерзімі 16 мамыр – 5 шілде аралығында өткізіледі деп жоспарланды. Тестілеудің нәтижесі қолма қол беріледі және тапсырмалар мазмұны бойынша 30 минут ішінде апелляцияға бере алады.

Жалпы биыл жоғары оқу орындарына 73 мың грантқа дейін бөліну жоспарланды, оның ішінде техникалық мамандықтарға грант үлесі 40% пайыздан 60% пайызға дейін өсті.

Биылғы 9-сынып бітірушілер саны 42 935. Болжаммен 9-сынып түлектерінің 75% - 10 сыныпта оқуларын жалғастырады, ал 25% кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орындарына оқуға барады деп күтілуде.

2022 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына жергілікті бюджеттен 7000 грант бөліну қарастырылған (2021 жылы – 6047 орын). Қосымша республикалық бюджеттен  9-сынып бітірушілері үшін 10 000 грант бөлінетіні жоспарланған.

Алматы 

Қаланың 295 мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиындар өтті. Биылғы жылы мектепті 12 355 түлек бітірді, оның ішінде 613-і «Алтын белгіге», 973-і Үздік аттестатқа үміткер.

Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев мектеп бітіріп жатқан түлектерге ақ жол тілеп, үндеу жолдады.

Алда үлкен сынақ – мемлекеттік емтихан және ұлттық бірыңғай тестілеу. Осы сыннан барлықтарыңыз сүрінбей өтуге шын жүректен тілектеспін. Алған білімдеріңіздің арқасында Сіздер әлемнің немесе еліміздің кез келген жоғары оқу орнын таңдай аласыздар. Тек Алматының өзінде 36 жоғары орны бар. Таңдаған оқу орындарыңызға түсіп, қалаған мамандық иесі болыңыздар, - делінген әкімнің үндеуінде.

Солтүстік Қазақстан облысы 

Солтүстік Қазақстан мектептерінде де соңғы қоңырау соғылды. Екі жылдық пандемиядан кейін алғаш рет салтанатты жиын дәстүрлі форматта өтті. Облыс бойынша 3387 түлек оқу жылын аяқтады. 

Олардың алдында үлкен сынақ – ҰБТ тұр. Биыл өңірде тестілеу емтиханын 2517 адам тапсырмақ. 

Түлектердің 203-і үздік аттестаттан, 140-ы «Алтын белгіден» үміткер. Солардың бірі Қызылжар ауданындағңы Қызылжар Абай орта мектебінің түлегі Валерия Крабовская. 

11 жыл бойы білім алған мектебімді қимай тұрмын. Ұстаздарымды сағынамын. Бізге сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие бергендері үшін мың алғыс! Қазір біз үшін қарабалас шақ. ҰБТ-ға дайындалып, арасында соңғы қоңырау мерекесінің әзірлігіне де көңіл бөлдік.  Алда тұрған сынақтан сүрінбей өтіп, елімнің болашағы үшін қызмет етсем деймін. «Алтын белгі иесі» атану үшін көп еңбектену керек. Бұл бірінші кезекте ата-анам мен мұғалімдерім алдындағы жауапкершілік, - деді Валерия.

БҚО-да биыл 5687 түлек мектеп бітірмек

БҚО білім басқармасы мәлім еткеніндей, соның 4838-і немесе 85,1 пайызы ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. «Соның ішінде 316 мектеп бітіруші «Алтын белгіден», 304-і үздік аттестаттан үміткер. Облыс мектептерінде барлығы 115 мыңға жуық оқушы білім алуда. Биыл сондай-ақ 9 сыныптан 9250 оқушы емтихан тапсырады.

Мектеп түлектері ҰБТ сынақтарынан Орал және Ақсай қалаларында өтеді.

Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары.

Жамбыл облысы 

Жамбыл облысында 490 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болды.

Тараз қаласындағы №46 орта мектепті биылғы соңғы қоңырауда 92 сынып аяқтады. Білім ошағындағы осынша сыныпты 1897 оқушы бітірді.

Бұл туралы мектеп директоры Оңталап Шынбергенов айтып берді. Оның мәліметінше, мектеп бітіргендердің 44-і – 11-сынып түлектері, 160-ы – 9-сынып оқушылары. Ал 197 оқушы – кеше ғана білім ұясының табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары. 

Ерекше аттестатқа үміткер оқушыларымыздың саны – 4. 230 үздік оқушымыз бар. Екінді 865 оқушымыз бар. Халықаралық, республикалық байқауларда, жарыстарда жеңімпаз болған балаларымыз да аз емес, - деп атап өтті мектеп басшысы. 

Айта кетейік, Жамбыл облысындағы 480 мектептің 369-ы орта мектептер.  Оның ішінде биыл 365 мектепті 11 764 оқушы бітірді. 9 262 түлек қазақ тілінде,  2 491-і орыс тілінде, 11-і өзбек тілінде білім алды. Күндізгі мектеп бітірушілердің саны – 10 301, жеке меншік мектепті – 1 015, 4 кешкі мектепті – 415, экстерн түрінде 1 оқушы, облыстық спорт мектеп-интернатты 32 оқушы яқтады. 

Өңірде 4 жалпы орта білім беретін мектепте 11-сынып жоқ. 490 оқушы «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер, былтыр бұл көрсеткіш 485 болатын. Әйтеуір аз-маз ілгерілеу бар. Жалпы орта білім туралы аттестатқа қосымшаға енгізілетін оқыған пәндерден 5 болған және жылдық, қорытынды бағалары 5 болған 11 (12)-сынып бітірушілеріне жалпы орта білім туралы үздік аттестат беріледі. Ал, 9-сыныпты 21 213 оқушы аяқтайды, - дейді аймақтағы білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Салханов. 

Шығыс Қазақстан облысы 

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 8204 бала орта мектепті бітіріп отыр. Олардың 746-ы «Алтын белгіден», ал 447-і үздік аттестаттан үмітті.

Өскемендегі №24 орта мектепті биыл 64 бала бітіріп отыр. Олардың үшеуі «Алтын белгіден», ал төртеуі «Үздік аттестаттан» үміткер. 

Соңғы қоңырау шарасына қала әкімі Жақсылық Омар келіп, түлектерді мерекемен құттықтады. Шаһар басшысы жастарға алдағы ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, қалаған оқу орнына түсулерін тіледі.

Ал, №1 қазақ орта мектебін 40 оқушы тәмамдады. Олардың 10-ы «Үздік аттестат» алудан үмітті. Мектеп мүдірі Әділ Сайлаубектің айтуынша, биылғы оқу орнының түлектерінің дені – келешектерінен зор үміт күттіретін жастар. Олар сапалы орта білім алып шықты, енді жоғары және арнаулы білім алуға сақадай-сай.  

Ұлым мектебін бітіріп отыр. Он жыл уақыт көзді ашып жұғанша сырғып өте шықты. Алда тест сынағы тұр. Балам Өскемендегі техникалық университетке түсуді көздеп отыр. Қазір техникалық мамандықтар сұранысқа ие, қаламызда өндіріс орындары жетерлік. 10 жыл бойы балама сапалы білім мен тағлымды тәрбие берген барша ұстаздар қауымына ата-аналар атынан алғысымыды білдіремін, – дейді Гүлшара Хамитова.

Семей қаласындағы «№20 ДОЖООБМ» КММ-де бүгінгі өткен «Соңғы қоңырау» мерекесі ерекше көңіл-күйге толы болды. 

Себебі, 50 жылдық тарихы бар білім ордасында алғашқы рет мемлекеттік тілде оқытатын қазақ сыныбы негізгі мектепті аяқтап отыр.

Әрине, алғашқы қазақ сыныбының түлектері өздеріне артылған жауапкершілікті түсініп, осынау 9 жыл мектеп табалдырығында алған білім нәрі мен тәлім-тәрбиені өзге де оқушыларға дарыта алды. Бұған, сыныпты үздік аттестатпен аяқтап отырған түлектеріміз дәлел болып отыр. Негізгі мектепті тәмамдап отырған мектеп түлектері өздерінің ізін басып келе жатқан іні-қарындастарына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының кітапбын және ертегілер жинағын тарту етті.

Ақмола облысы 

Биыл Ақмола облысы бойынша 4617 түлек мектеп бітіргелі отыр. Оның 273-і «Алтын белгі», 279-ы үздік аттестат иегері.

2021-2022 оқу жылында Көкшетау қаласында 974 түлек мектеп бітіреді.

ҰБТ-ға қатысуға 888 адам өтініш берді, оның ішінде 490 оқушы мемлекеттік тілде, 397 оқушы орыс тілінде және біреуі ағылшын тілінде тестілеуден өтуде.

Өңірде тестілеу бойынша екі орталық жұмыс істейді.

Қызылорда облысы 

Облыс бойынша 295 мемлекеттік және 16 жеке мектеп жұмыс істейді. Қызылорда қаласында 58 мемлекеттік және 11 жеке мектеп бар. Биыл 295 білім беру ұйымында 176 771 оқушы оқу жылын аяқтайды.

Биылғы оқу жылында 7 505 түлек мектепті бітірсе, оның ішінде 6 404 оқушы ҰБТ-ға қатысады. Жалпы 14 682 оқушы биылғы жылы 9-сыныпты бітірді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Б.Момынбаев атындағы №278  ІТ мектеп-лицейге барды.

Қостанай облысы 

Қостанайда 4375 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды.

Бүгін Қостанай облысының мектептерінде соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиындар өтті.

Биылғы жылы мектеп бітірушілердің құрметіне ұйымдастырылған жиын «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» жалпы ұранымен өтті. 

2022 жылы Қостанай облысы бойынша оқу жылын 111 мың оқушы аяқады. Оқушылар арасынан 4375 түлек үлкен өмірге қанат қақса, 140 дарынды шәкірт «Алтын белгіге» үміт артуда. Мектеп бітіріп отырған түлекткрдің 71 пайызы, нақтырақ айтқанда 3127 оқушы ҰБТ-ға қатысып, бақтарын сынамаққа өтінім берді, - дейді облыстық білім басқармасының ресіми өкілі.

Ақтөбе облысы 

Ақтөбе облысында 2021-2022 оқу жылында 11-сыныпты 8057 оқушы бітіреді, оның 615 – і «Алтын белгіге» үміткер. 27 мамырдан бастап 9 және 11 сынып түлектері қорытынды аттестаттаудан өтеді. 

Мемлекеттік емтихандарды аяқтағаннан кейін (10 маусым соңғы емтихан) оқу озаттарының, «Алтын белгі» және 9, 11-сыныптардағы үздік аттестаттар иегерлерінің нақты саны белгілі болады. 

Облыс бойынша барлығы 406 мемлекеттік, 13 жекеменшік мектеп бар, олардағы білім алушылар контингенті - 167 369.

Ақтөбе қаласындағы №60 мектепте «Жаңа Қазақстан тірегі: жас түлек-2022» атты соңғы қоңырау салтанаты өтті. 

Биыл бұл мектепте 11-сыныпты 51 түлек, 9-сыныпты 198 оқушы бітіреді. Оның ішінде 11- сынып бойынша 5 алтын белгіге үміткер, 2 үздік аттестат, ал 9-сынып бойынша 21 үздік аттестатқа үміткер түлек бар. Бұл мектеп  2017-2018 оқу жылының 2-тоқсанынан бастап үш ауысымда оқиды, жыл сайын бала саны артып келеді. Осы мәселені шешу үшін  мектепке 600 орындық жапсарлас мектеп салу көзделіп отыр. 

Бүгін мектеп тарихының қойнауына тағы бір оқу жылын, яғни 2021-2022 оқу жылын табыстағалы тұрмыз. Оқу жылында мектебімізде 3317 оқушы білім алып, мектеп қабырғасында алған білімдерінің сапасын әртүрлі деңгейлерде өткен пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорт, көркемөнерпаздар жарыстарында өнер көрсетіп, 2021-2022 оқу жылын да табысты аяқтағалы тұрмыз. Бүгінгі соңғы қоңырау  мерекесі оқушы, мұғалім және ата-аналардың 11 жыл бойы білім жолындағы атқарған еңбектерінің  ортақ жемісі деп білемін, - деді №60 орта мектеп директоры Абзал Тәжімішев.

Қарағанды облысы

Талғампаз түлектер, байыпты педагогтар және ата-аналар – Қарағанды облысының мектептерінде 25 мамырда дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды.

Биыл өңірде 11 сыныпты 8 605 мектеп оқушысы бітіреді. 300-ден астам түлек «Алтын белгіге» үміткер.

«Мұрагер» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында түлектерді оқудың аяқталуымен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады.

Бұл әр жас азаматтың өміріндегі басты қадамдардың бірі. Жаңа әлемде өз жолыңызды, өз орныңызды табу өте маңызды. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сіздерге амандық, сәттілік және бақыт тілеймін! – деп аймақ басшысы түлектерді құттықтады.

Мартбек Мамыраев атындағы мектеп-интернатын 2021-2022 оқу жылында 740 оқушы аяқтады. 11-ші сыныпты 36 түлек бітіргелі отыр, оның екеуі «Алтын белгі», біреуі «Үздік аттестат» үміткерлері.

Мадина Маратқызы: Мартбек Мамыраев мектебінің түлегі, «Алтын белгі» үміткері:

Бүгін соңғы қоңырау соғылып, мектебімізбен қоштасып, жаңа өмірге қадам басып жатырмыз. Әрине қимастық сезімі бар, білім берген ұстаздарымыз бен мектебімізді сағынатын боламыз. Енді алдағы ҰБТ-да ұстаздарымның сенімін ақтап, жоғары балл жинаймын деген үміттемін. Болашақта филология саласының маманы болғым келеді.

Павлодар облысы

Павлодар облысы мектептерінде Соңғы қоңырау соғылды. Салтанатты іс-шара Екібастұздағы №36 мектеп-лицейінде де өтті.  Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов мектеп түлектерін мерекемен құттықтап, ақ жол тіледі.

Соңғы қоңырау –  әр адамның өміріндегі ерекше қуанышты күн. Сіздер білім алып отырған лицей-мектебінің де орны ерекше. Биыл мектепті 38 түлек аяқтап отыр, оның ішінде төртеуі «Алтын белгіге», біреуі үздік аттестатқа үміткер. Мектеп оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен түрлі конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Алған білімдеріңізді жалғастырып, кәсіп меңгеріп, ел үшін аянбай еңбек етулеріңізге тілектеспін. Еліміздің экономикасын, мәдениеті мен білімін, ғылымын дамытуға сіздер зор үлес қосасыздар деп сенемін, - деді облыс әкімі.

Мектеп түлектері атынан үздік оқыған Рената Смайылова сөйлеп, терең білім мен жақсы тәрбие берген ұстаздарына алғыс білдірді.

Мектептегі оқу зымырап өте шықты, ұстаздарым мен сыныптастарымды сағынатын боламын.  Мектепте география мен тарихты сүйіп оқыдым. Сондықтан тарих мұғалімі мамандығын таңдадым. Алдағы уақытта Павлодар педагогикалық университетіне оқуға түссем деймін, - деді ол.

Мектеп түлектері 10-сынып оқушыларына өздері құрастырған «Ұрпаққа аманат» атты жинағын сыйға тартып, «Асығың алшысынан түссін» деген ырыммен үлкен асықтың макетін табыс етті. Әрі қарай «Алтын белгінің» иегері Мадияр Болатов білім алауын 10-сынып оқушысы Айдана Жанаділқызына тапсырды.

Салтанатты рәсім соңында мектеп түлектері «Қош бол, мектебім» әнін шырқап, білім ордасымен қоштасты. Осыдан кейін мектепте соңғы қоңырау соғылды.

Павлодар облысында 112 700 мектеп оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылды. Олардың 4303-і 11-сыныпты бітірді. Мектептен түлеп ұшқандардың арасында 233 оқушы «Алтын белгіге», 333 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Маңғыстау облысы 

Биыл Маңғыстау мектептерін 7562 түлек  бітірді. Түлектердің 183-і  «Алтын белгіге» үміткер. 

Ал Жаңаөзен мектептерінде 1482 оқушы үшін қоңырау соңғы рет соғылды.  Олардың 29 - «Алтын» белгіге, 137-сі «Үздік» аттестатқа үміткер. Түлектердің 1463  -і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген.

Қазіргі уақытта түлектерге мамандық таңдау, кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мектеп бітіруші 1482 оқушыға, ата-аналарына кәсіптік бағдар бойынша тест  жүргізілді. 11 сынып оқушыларының ішінен аз қамтылған отбасы балаларын қолдау мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау, кәсіптік бағдар беру жұмыстары «New Format» орталығында 165 түлекпен жүргізіліп жатыр,- дейді Жаңаөзен қаласы білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатай.

Биыл министрлік маңғыстаулық түлектер үшін еліміздің 44 жоғары оқу орындарынан 6 мың қосымша білім гранты бөлініп отыр. Білім гранттары негізінен құрылыс, инженерия, педагогика және аити мамандықтарына арналған.   

Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданы облыс орталығынан шалғайда жатыр. Биыл аудандағы  24 мектептен  805 түлек бітіреді, олардың 25-і «Алтын белгіге» үміткер. 

Облыста тұңғыш рет ауылдың дарынды балалары үшін ашылған Бейнеу гимназиясын 30 түлек бітіріп отыр.

Олардың 1-уі «Алтын белгіге», 6-уы үздік аттестатқа үміткер оқушы.

2021-2022 оқу жылын табысты аяқтаған білім  ордасы соңғы қоңырау салтанатын жоғары деңгейде өткізді.

Соңғы қоңырау салтанатына мектеп ұжымы, бітіруші шәкірттер, олардың ата-аналары, мектепті 10-20 жыл бұрын бітіріп кеткен түлектер қатысып, өздерінің жүрекжарды тілектерін арнады.

Мектеп бітіруші түлектеріміз емтихандар мен ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттік грант иегерлері болуына тілекшімін. Ата-ана, ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, қазақ елінің болашағына қызмет ететін азаматтар болыңыздар, - деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Кәмила Бағытова.

Атырау облысы 

Атырау облысында 6 мыңға жуық оқушы мектеп бітіріп жатыр. Оның 244-і «Алтын белгіге», 243-і «Үздік аттестатқа» үміткер. 

Бүгін Атырау облысында 200 мектепте соңғы қоңырау соғылды. Оқу жылын аяқтаған оқушылар мен мектеп бітіріп жатқан түлектер таңнан білім ордаларына жиналды.

 Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда 48 оқушы  мектепті аяқтап жатыр. Бұл балалардың басым бөлігі  мамандықтарын таңдап, жоғарғы оқу орындары да анықтап қойған. 

Алматы облысы 

Алматы облысында 17 мыңнан астам жас түлек соңғы қоңырау шарасына қатысып, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» білім ордасымен қоштасты. Жас түлектердің 1254-і «Алтын белгіге», 1816-сы ерекше аттестатқа үміткер. 

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев №27 мектеп-гимназиясының соңғы қоңырау салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге өмірде өз жолын тауып, елінің мақтан тұтар  азаматы болуынатілеулес екенін білдірді.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында облыс бойынша 642 оқушы республикалық және халықаралық деңгейдегі білім сайыстарына қатысқан. Оның 171-і оза шауып, жүлдегерлер қатарына ілікті.

Бүгінде Алматы облысында 38 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 18 мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.Сондай-ақ, 1 өнер мектебін ашу жоспарлануда. Республикадан бөлек, жоғары оқу орындарында білім алу үшін облыста қосымша тағы 250 грант бөлінген.

Деректер өңірдегі меншікті тілшілерден жинақталды

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы