25 мамыр. Астанада мектеп бітіру кешіне рұқсат етілмейтін болды
Астана қаласында мектеп бітірушілерге кеш өткізуге рұқсат етілмейтін болды. Бұл туралы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қаирбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның мәлімдеуінше, Астана қаласында 2023-2024 оқу жылында елордада 263 мыңнан астам оқушы білім мен тәрбие алды.
Осы жылы 19 952 оқушы 9-сыныпты аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. 11-сыныпты 11 230 түлек бітіреді. Оның ішінде 294 оқушы "Алтын белгіден" үмітті. Үздік аттестатқа 717 оқушы үміткер, - деді Маржангүл Қаирбаева.
Биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталады. 24 мамыр күні мектептің 1-10 сынып оқушылары үшін "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" шеңберінде "Білімім Отаныма" тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі.
11 сыныптың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған "Соңғы қоңырау" іс-шарасы 25 мамырда өтетін болады. Мектеп бітіру кешіне орай іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік үстелдерді ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге, әкімшілік пен педагог қызметкерлерге сыйлықтар үшін ақшалай қаражат жинауға рұқсат етілмейді, - деді ол Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.