24 қаңтардан кейін оқушылар қандай форматта оқиды?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «БҒМ LIVE» жобасында БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Сапура Төлекова 24 қаңтардан кейінгі оқу форматы туралы түсіндіріп берді.
Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша құрылған ВАК-тың шешіміне сәйкес 2022 жылдың 24 қаңтарынан бастап оқыту форматтарына өзгерістер енгізілді. Бұған дейінгі шектеулер бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы мектептер толығымен онлайн форматта, қалған өңірлерде бала санына қарай (600-ге дейін және 600-ден аса контингент) әр түрлі нормалар қарастырылған болатын.
Сапура Төлекова ел мектептері 24 қаңтардан бастап қандай оқыту жүйесіне көшетіні туралы айтып берді.
Біріншіден, балабақшалар, мектепке дейінгі мекемелер меншік нысанына қарамастан штаттық режимде жұмыс істейді. Ата-ананың өтініші бойынша бала балабақшаға барады, ал бара алмайтын жағдайда міндетті түрде тәрбиешісіне ескертіп отырады. Екіншіден, мектептерде жұмыс қалай жүргізіледі? Егер мектептің жалпы оқушылар саны 600-ге дейін болса, онда мектеп дәстүрлі режимде жұмыс істейді. Яғни оқушылар білімді мектепте сыныбында отырып алады. Ал мектеп контингенті 600-ден көп болса, онда бір ауысымда мектептің жобалық қуатының 50%-ын қамтитын сыйымдылықпен штаттық форматта оқытуды ұйымдастыруға болады, - деді ол.
Оның сөзінше, мектеп 1000 балаға арналған болса, онда бірінші ауысымда 500 және екінші ауысымда 500 баланы қамтуға болады.
Штаттық режим кезінде басымдық бастауыш сыныптарға (1-4 сыныптар) беріледі. Себебі, бастауыш сыныптың балалары жас ерекшеліктеріне қарай цифрлық ресурстарды, онлайн платформаларды қолдануда қиындық туады. Ересектердің көмегі қажет болады. Ал ата-ананың көбі жұмыста болғандықтан балаларда қиындық тууы мүмкін. Сондықтан балалардың мұғалімнен бетпе-бет сабақ алғаны маңызды, - деп атап өтті Сапура Төлекова.
Ал халықаралық мектептерде басымдық 1-6 сынып оқушыларына беріледі.
БҒМ өкілі мектептегі оқушы санына байланысты қай сыныпты штаттық, қай сыныпты қашықтан оқыту қажеттігін мектеп әкімшілігі дербес шеше алады.