24 маусымнан бастап 2000 теңгелік ескі банкноталар айналымнан шығады
Ескі үлгідегі 2000 теңгелік банкноталарды айырбастауға әлі мүмкіндік бар, бірақ сауда орындары оларды қабылдамайды.
Қазақстанда 24 маусым күні 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкнотаның қатар қолданыста болу мерзімі аяқталады.
Осы аптадан бастап аталған купюра төлем құралы ретінде қабылданбайды. Ұлттық банк қатар қолданыс кезеңі аяқталғаннан кейін ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» үш жыл бойы жаңасына айырбастайтынын еске салды. Ал Ұлттық банктің филиалдарында мұндай айырбастау мерзімсіз жүргізіледі.
Бұған дейін 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкнота да маусым айының соңында қатар қолданыстан шығарылады деп жоспарланған болатын. Алайда кейін оның айналым мерзімі 2027 жылдың шілде айына дейін ұзартылды.
2 000 және 10 000 теңгелік банкноталардың қатар қолданыс мерзімін бір уақытта аяқтау банк жүйесіне қосымша жүктеме түсіруі мүмкін. Сондықтан мерзімді ұзарту халық пен бизнеске ескі банкноталарды жаңасына біртіндеп әрі қолайлы түрде ауыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл ескі үлгідегі банкноталардың табиғи түрде айналымнан шығуына жағдай жасайды, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.