24 күннен кейін есін жиды: Бақытжан Базарбек зардап шеккен азамат туралы жазды
Жамбыл облысындағы жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы ер адам 24 күн дегенде комадан шығып, есін жиды.
Экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен Жамбыл облысында болған ауыр жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіт есін жиды. Бұл туралы бұрынғы Мәжіліс депутаты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, көпшілікке қуанышты жағдайды жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
24 күн. Нұржігіт комадан шықты, оянды. Есін кіргізіп, анасын, әйелі мен балаларын, аға-інілерін, туған-туыстарын танып отыр, – деп жазды Бақытжан Базарбек.
Экс-депутаттың айтуынша, науқастың өмірін сақтап қалу үшін еліміздің білікті мамандары жұмылдырылған. Атап айтқанда, еліміздің белгілі реаниматологы Гамзат Афендиевич Мусаев бастаған Тараз қаласының анестезия және реанимация бөлімінің дәрігерлері Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен сапалы ем жасап, науқасты аяғына тұрғызуға бар күшін салуда.
Дұға тілегін жаудырып жатқан халқыма, еліме рахмет! – деп алғысын білдірді экс-депутат.
Бұған дейін экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірген болатын.
Сондай-ақ кейіннен зардап шеккен азаматтың отбасы мәлімдеме жасап, жағдайында оң өзгерістер бар екенін жеткізген еді.